Мына бейшараның журналистика мен футболдан басқа жазатыны жоқ екен деп қалмаңыздар. Бірақ ауылдағы братандарша айтсақ, амал который!
Өзім 8-9 сыныптардан бастап журналист болуды, КазГУ-дың журфагына түсуді армандап, ақыры сол факультетте 4 жыл темір етіктен тебендей қалғанша тозып жүріп бітіріп шыққан соң, журналист мамандығы (ұғымы) маған аса қадірлі (пафос айтты деп сөге беріңіздер). «Жетелі елдің жетекші арнасында» (жарнамадағы сөз ғой) жұмыс істеймін ғой. Тәжірибеден өтуге, стажировкаға студенттер көп келеді. Сөйлесемін, бірге асханға барып шәй ішемін, ақырында не оқып жатқанын сұраймын. Бір журналист ағамыздың жұмыс іздеп келген журналистен соңғы оқыған он романының тізімін сұрайтынын естіген едім. Сол кісі сияқты (он роман болмаса да) соңғы оқыған романын сұраймын. Ең көп еститін жауабым – «ең кейінгі оқыған романым – Абай жолы». Тура сол томардай «Абай жолымен» басына қойып қалғым келеді. Құдай-ау, «Абай жолы» оныншы класта оқылатын дүние ғой! Қайталап оқып жатсаң, бір сәрі! 3-4 курста оқитын студент «Абай жолын» енді оқып жатса, жетіскен екенбіз-ей!..
«Ештеңе оқымай-ақ журналист болуға болады, жүр ғой анау да!» Студенттер солай ойлайтын сияқты. Басқасын білмеген соң, сүйікті ақынын сұрасаң, Мұғағалиды, жазушысын сұрасаң Әуезовты айта салатын тележүргізуші һәм әншіден үлгі ала ма, білмеймін.
Құдай біледі деп айтайын, мұндай сорлы журналистика Қазақстанда бұрын-соңды болмаған шығар. Пыжалыста, «соңғы оқыған романым – «Абай жолы» деп айтпаңдаршы, 3-4 курс студенттері! Менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын.