Тағы да жеңілдік. «Тағы да» деп күтпеген жеңіліс сияқты аһ ұрмай-ақ қояйықшы, омақасатынымыз ойын басталмай тұрып-ақ мәлім-тұғын. Біздің футбол құрамасын айтам. Бас бапкерді төмпештей жөнелгелі тұр деп ойламаңыздар. Маған кешегі матчтың ұнаған тұстары да бар. Айналдырған 5 ойында 14 гол жіберіп алсақ та, өзіміз әлі қарсыластарға бір доп соқпасақ та, бас бапкерімізді аяғының шуашы бар адамның нәскиін жылдам ауыстырғаны сияқты тез ауыса берсек де… бәрібір жанкүйер болып қала беремін.
Кешегі ойында мені қуантқаны мыналар еді.
1. Фархадбек Ырысметов. Былтырғы әлем чемпионаты кезінде Англия, Аргентина құрамаларының қорғаушыларын ит қып салпақтатқан Томас Мюллерді бірнеше рет (оншақты рет деп айтсақ та болатын шығар) әдемі тоқтатты. Әрине, Мюллеріңіз кеше біздің қақпаға қос доп соқты. Бірақ ол меніңше (кейбіреулер келіспеуі де мүмкін) Фархадбектің емес, орталық қорғаушылардың кінәсінен. Қысқасы, кеше Ырысметов сол қаптал қорғаушысы ретінде маған ұнады.
2. Жамбыл Көкеев. Жанкүйердің бәрі білетін, әйгілі «Уэмблидегі» ойыннан кейін бұ жігітті жұрт «жұлдыз боп кетті» деп жаратпай жүрген еді. Ойынға екінші тайма араласса да кеше жап-жақсы ойнады. Азат Нұрғалевтің орнына Жамбыл кірген соң, біздің құраманың сол қапталына жан кіргендей болды. Әлемдік футбол жұлдыздарын қия бастырмайтын, Германия құрамасының оң қапталын тас қып ұстайтын Филипп Ламды бірнеше рет кісі құрлы көрмей алдап өткені, неге тұрады! Жамбылдың сондай рейдтерінен кейін Нойердің де жүйкесі сыр беріп қорғаушыларына ренжіп жатты.
3. Давид Лория. Бұл жігіт біраз үзілістен кейін барып құрамаға оралды. Дегенмен, осы ойын Қазақстанда әзірге оның деңгейіндегі қақпашы жоғын көрсеткен сияқты. Рас, ол 4 доп жіберіп алды. Қателесті де. Дегенмен, қанша сәтте құтқарып қалды? Қанша рет Мюллердің, Өзилдің әуелеп келген пастарын орта жолдан қақшып әкетті? Сенбесеңіз, санап көріңіз.
4. Мирослав Беранек. Біздің құраманың ине-жіпткен жаңа шыққан су жаңа бапкері. Белорустармен тең түсті. Құрама тізгініндегі екінші кездесуі – кешегі. Карл Брюкнер ақсақалдың тәлімін алған бұ кісінің маған ұнағаны – ойыншыларға қорықпай ойнауды үйретіп жатқан сияқты. Доп – домалақ, алаң – тегіс, қақпа – бірдей, ойыншы саны тең, немістер де адам. Біздің жігіттер сасқалақтап ойнады, иә. Дегенмен, менің аңғарғаным сол. Және Мирослав мырза жеңілгеннен Пайперс, Шторк сияқты бар айыпты басқаға жауып жалт берген жоқ. «Ойынымыз бытшыт» деп мойындады. «Болашағымыз алда» деп көлгірсіген жоқ. Болашақтың қалай жасалатынын ойынға таңдалған ойыншылармен көрсетті. маған сенбесеңіз, кеше алаңға жалпы саны неше қазақ шыққанын санап көріңіз. Санадыңыз ба, бұрын қалай болушы еді?
Қазақстан құрамасының жанкүйері болып қала беремін.
Кешегі матч маған ұнады
27 Нау 2011 3 пікір
Нау 27, 2011 @ 19:02:26
Кәп-кәдімгідей футболтанушы екенсің ғой!
Нау 30, 2011 @ 09:54:37
Ерлан, пікірлеріңмен келісемін! жартысына жуығы қазақтар болды! Министр УЕФА дан шығамыз деп қыртып отыр. шықпау керек. Айтпақшы, Италияның жеңісі құтты болсын! сенің И-ТА-ЛИЯҢ!!!!
Сәу 03, 2011 @ 04:13:22
Иә, рас, тек Нұрболдың бір үлес қоспағаны болмаса қалғандары мәләдес. Лорияғы респект