Қазет-жұрнал оқып отырып, әрүрлі кісілердің сұхбатын оқисың ғой. Әрқайсысы әртүрлі нәрсені айтады, әрқайсысы әрүрлі нәрсеге бас ауыртады. Әртүрлі кәллә, қысқасы. Бірақ бәрі дерлік бір тақырыпқа соқпай кетпейді. Ауылға! Бәрі ауылды сағынады. Балалық шағын еске алады. Бірі тезектің иісін аңсайды, бірі тандыр нан жегісі келеді, біреуі есекпен көкпар тарқанын еске алады деген сияқты. Сосын менен ешкім сұхбат алмаса да, бүгін отырып алып бір ауылды сағынайыншы деп, сағындым ақыры. Бала шақтан еске түскендері (ретті-ретсіз) былай.
1. Теледидар. Өзі төртбұрышты, “Рекорд”. (кейіннен біздің үйде “Электроника” дейтін кебежедей біреуі де болды). Үстінде үнемі ақ мата жабылып тұрады. Матаның үстінде – ішінде жасанды гүлі бар шыны құмыра. Құмыра мен мата тек түнде (кешке), атам “Время” көрер кезе ғана алынады. Өзі екі-үш канал көрсетеді ауылда. “Қазақстан”, “Өзбекстан-1” және “ОРТ”. (тоқсаныншы жылдардың бас кезі). Өз бетіңмен тд қоссаң, жазаланасың. Тоққа түсіп қалуың мүмкін немесе күйдіресің телевизорды. “ОРТ” көру үшін антеннаны батысқа, “Өзбекстанды” қарау үшін шығысқа бұру керек. Антенна дегенің жарты километр жерде – мал қора жақта тұрады. Бұрағанда каналдың жақсы көрсеткенін-көрсетпегенін қарап тұру керек. Ағаң антеннаны бұрайды, сыртта тағы біреу жүреді. Оның міндеті – терезеден “жақсы көрсетті ме?” деп сұрау, сен тд алдында отырып, жауап беруің керек, “тағы сәл бұра” деген сияқты. Терезе алдындағы бұл хабарды аненна бұрағышқа жеткізеді. Ағаң ашуланып (антенна жерге қатып қалған, темір – суық), өкіметті сыбап алып, тағы бұрайды… Қысқасы, үш адам әуре.
2. Сиыр бағу Біздің үйде бас-аяғы 12 ірі қара болды (ірі емес бұзауларды да қосқанда). Бағу – азап. Біздің жақта күн шыжып тұрады (40-45 градус). Сол ыстықта он екісін алға салып айдап кетуің керек. Түске дейін бір айналдырып келесің. Түстен кейінгісі тағы бар. Бір бакалашка су алып. Бір достарым болды, өмірі су алып шықпайды, ауыр, керексіз нәрсе көреді. Бірақ жайылымға жеткен соң үнемі жалынып су сұрап жүреді, тамақтары қурап… Сосын іш пысады. Не карта ойнайсың, не бытшыт төбелес. Ересек балалар ұсақтарды бір-біріне айдап салады. Қызық керек. “Шығасың ба, мынамен?” дейді. “Шықпаймын” десең, дәу жігіт емессің (о кезде и так жігіт емессің ғой, 7-8 жасар баласың). Бірақ жігіттігіңді дәлелдеу үшін көзі тарс жұмып пергілесуді бастап кету керек. Болмаса, алдап шағыстырады. Орталарына таяқ ұстап тұрады да, “түкір” дейді, түкіріп қаласың, таяқты тартып қалғанда қарсы балаға тиеді. Сосын ал кеп төбелес! Сылтау – неге үстіме түкіресің!
3. Футбол. Бұл кешке, сиырды жайлаған соң болатын тірлік. Жыртық нәскидің сыртына Қытайдың жасыл бутсасын (біртүрлі жағымсыз иісі бар) киесің де, қою шаңның арасына қойып кетесің. Доп – резеңке. Әрі желі жоқ. Тепкенде, біреудің ішін тепкендей әсер – қолқ ете түседі. Ұшпайды. Сонда да қызық. Түнгі сағат 11-12-ге дейін ойнаған кездеріміз болды. Тас қараңғы болса да. Доп ақ түсті болғасын қуа береміз. Пасты командаласыңның даусы шыққан жаққа қарап жобалап тебе саласың. Көшеден тырақтыр, машина өтсе – рахат, қарсыластарыңның қанша адам боп ойнап жатқанын көруге мүмкіндік болады. Олар көп боп шықса, боқтықтың неше үлгілері ауада қалықтай бастайды. Аут деген ұғым жоқ. Қақпа – біреудің жейдесі немесе кәдімгі тас.
(жалғасы бар)
Сәу 01, 2011 @ 13:52:38
:)… Әсіресе, кешкі ойын қызық болатын. Сол кезде аяқ киімдер де тез тозып қалушы еді ғой. Аяқ киім шақ келмейтін, ойнамауға тағы болмайтын қайран балалық!
Сәу 14, 2011 @ 06:26:10
Жалғасын қашан оқиды екенбіз?
Мам 03, 2011 @ 07:39:57
Көк шаңның астында жүресің, келіп жуына салатын ауылда қаладағыдай душ та жоқ. Даладағы душ суық…Құмандағы сумен бірдеңе қып жуынасың сосын.
Мам 06, 2011 @ 17:50:43
аулымды еш сағынбайды екенмін. Әлде романтикадан алыс адам болғасынба? Әке-шешемтірі кезінде баратынмын ауылға, ал қазір?? не үшін? барғым келмейді. Бекжан да осындай бір ностальгиялық пост жазған еді, қызығам сендер сияқты адамдарға 🙂