«Интер» неге жеңілді?

Футбол деген түк пайдасы жоқ нәрсені жақсы көремін (жалпы футболды жақсы көрмейтін еркек кіндікті жоқ шығар, доптың домалақ екенін еміс-еміс білетін Өркен Кенжебек сияқтылар болмаса). Рас қой, түнгі бір жарымға дейін сарылып күтіп, үш жарымға дейін көріп, төртте ұйықтаймыз да, таңертең Арман ағаның (Сқабылұлы) жиналысына келе алмай, салбырап жүреміз, көзіміз көнектей боп!
Жанкүйерлік өтілім (стажым) 13 жыл. Сонааау 1998 жылы Францияда өткен Әлем чемпионатынан бері бұтбол десе, ішетін асымды теледидардың алдына әкеп алам. Ең алғаш көрген матчым Италия-Чили еді. Ойынның соңғы минуттарының бірінде Роберто Баджо пенальтиден есепті теңестірді де (2-2) ойын аяқталды. Содан бері “форца, Италия! Грандиссимо Баджо!”. Осы әлем чемпионатынан кейін сүйікті ағам Роберто Миланның “Интер”клубына ауысты да, “Сан-Сироның”(Миландағы стадион ғой) билетсіз көрермені боп шыға келдім. Яғни, 1998 жылдан бері мені “Интернационаленің” жанкүйері деп есептеуге толық негіз бар деп айтуға әбден болатын шығар деп ойлаймын. 🙂 Комментатор Асхат Сағынаевшалап кеттім бе, қалай? “Мұның бәрін бізге неге мыжып айтып отыр?” деп ойлап отырсаңыз, кеше түнде сол “Интерім” оңбай ұтылды. Сөйтіп, түнгі үште қаным басыма теппесі бар ма? Ойынды Украина каналынан көргем, комментатордың айтып жатқандарын түк ұққам жоқ. Сосын жатып алып, ойландым. “Интер” неге жеңілді? Кімнің кінәсі? Менің жастығымды жастап алған келіншегіме ажырая қараймын. О баяғұстікі алаңсыз ұйқы. Ұрысатын адам таппай қиналдым-ей! Тааак ондаааа…

МИЛАН – ИНТЕР – 3:0

1. Меніңше, “Интердің” бас бапкері Леонардо тактикалық қателіктер жіберді.

Басқаша айтқанда, әріптесі Массимилиано Аллегри мұндай құрам шығарады деп күтпеді. “Интер”, ең бірінші, алаң ортасында жеңілді. “Интердің” “миы” – Снейдер темір аяқ, жүн табан Гаттузодан аса алмай-ақ қойды. Сосын ол “Бавариямен” кездесудегідей сол жаққа ойысып та ойнады. Одан да түк шыққан жоқ. Абате қия бастырмады. Ал әдеттегідей тым сылбыр Пандевті Боатенг тіпті босатқан жоқ. ЭтоО әр жерден бір шаң бергенмен, аяқ сындырудың маманы Ван Боммельден қашып құтыла алмады. Ал Пацциниді Неста мен Тьяго Сильва жеп қойды. Шабулшы 63 минут бойы түк бітірмеді деп айтсақ та болады. Есте қалғаны – бір рет қана әлгі екеуінен сытылып өтіп, сол аяғымен бесінші сыныпта оқитын баланың соққысын жасады. Қысқасы, Леонардо шәкірттерінің бәрі дерлік допқа жекелей талас кезінде жеңіліп жатты. Есесіне, жарақатынан әлі айықпаған Пирлоны жоқтатпай жүрген қара тәнді ақсақал Зеедорф еркін ойнауға мұмкіндік алды да, Пато мен Робиньоны доппен қатамасыз етіп отырды.

2. “Интер” сауатсыз қорғанды.
Снейдерді допсыз қалдырған соң, елдің бәрін таң қалдырып, Гаттузо да шабуылға жиі араласты. Әлде Аллегри тапсырмасы солай болды. Әйтеуір, бұл жағдай “Интердің” екі тірек қорғаушысын (опорник) әбден састырды. Себебі, бұл екеуі – Камбьяссо мен Мотта өздерінің қорғаушылары Майкон мен Дзанеттидің “артын жабумен” айналысты. Әсіресе құйынперен боп ойнаған Абате қарт Дзанеттидің тілін салақтатты.
Оған болысам деп Камбьяссо солға ойысқанда, орта тұс ашық қалды да, ортада ойнап әдеттенбеген Кивудың сілесі қатты. Бұл да Леоның стратегиясы нашар жасалғанының белгісі еді. Себебі, көбіне “волнорез” жұдырықтың рөлін атқаратын 38 жасар шал Дзанетти қаптал қорғаушысы болып ойнаған кездерін ұмытқан сияқты. Әрі уақыт шіркін дегенін алмай тұрмайды екен.

3. “Интердің” жеңілісіне негізінен осы Дзанеттидің сол қапталға қою себеп болған сияқты.
Әрине, бұл қадамды Леонардо іші пысқан соң жасаған жоқ. Негізгі орталық қорғаушылар – Лусиу мен Самуэль жарақаттанған соң, Раноккьямен шеп құратын біреу керек болды. Ол орынға Лео әйгілі Жозе дәуірінен бері сол қаптал қорғаушысы болып келе жатқаг Кристиан Кивуды лайық көріпті. Миланның” үш голы да орталық қорғаушылардың кінәсінен соғылды. Яғни, бапкер қате таңдау жасады деген сөз. Ал есеп 2-0 болған кезде Аллегри схеманы өзгертті де, Гаттузоны алаңнан алып тастап, Фламиниді жіберді. Бұл – “жұдырық” Ван Боммельге енді Боатенг болысып ойнайды дегенді аңғартты және солай болды. Енді “Милан” төртеу орнына алты қорғаушымен ойнағандай әсер қалдырды да, “Интердің” саудасы бітті. 84 Минутта оларға Эмануэльсон қосылған соң, тіпті алаң тарылып, шабуыл жасайтын бос орын қалған жоқ.

4. Қос қаптал. Шабуыл.

Майкон шау тартқан Дзамброттаны қыспаққа алуы керек-ті. Керісінше, Джанлука бұл теке-тіресте басып түсіп жатты. Ал Дзанетти Абатемен бас қайғы боп кетті. Әрі 54 минутта Киву “өртеніп” кеткен соң Лео шабуылшы Пандев орнына қорғаушы Кордобаны шығару керек болды. Себебі, реактивті Пато мен Робиньоға қарсы қорғаныстың ортасында қанша жерден мықты болғанмен, бір Раноккьямен ойнау – ақымақтық болар еді. Ал Станковичтің не үшін шыққанын өзі де білмейтін шығар. Екі доп айырмасымен ұтылып жатқанда қорғанысқа көбірек көңіл бөлетін жартылай қорғаушы неге керек? Әлде бапкердің “ва банкқа” жүрегі дауаламады. Әйтеуір, оның бұл матчқа таңдаған футбол философиясы түсініксіз болды. Пацциниді алмастырған Милито болса, былтырғы Милитоның көлеңкесіне де татымайды.

Тақырыпты өзгертіп, “Леонардо неге жеңілді?” деп қойсақ та болатын сияқты. Нәтижеде “Интер” чемпиондық атақтан алыстап кетті 😦

5 пікір (+add yours?)

  1. sportstan
    Сәу 03, 2011 @ 12:55:45

    Еее, Ерлан ай!!! «Интерің» ұтылып қалып, обал болды ау саған. Негізі, мен де «Милан» жеңеді деп ойламап едім. Бірақ, «А» серия маған түк ұнамайды, Италия құрамасын де ұната бермеймін. Тек былтыр «Бавария» Чемпиондар Лигасын жеңіп кетпесін деген мысықтілеумен «Интерге» уақытша жанкүйер болғанмын. Матчты көрмесем де, көргендей болып отырмын. Меніңше, бірінші минутта соғылған голдан соң сынып қалған сияқты «Интер». Не деймін енді, «Көз жасың көмектеспейді, көмектеспейді…..» Есіңде ме?!

    Жауап беру

  2. Ruslan
    Сәу 03, 2011 @ 13:08:23

    Ереке, сараптама керемет! Мен жеке өзім Миланға жанкүйер болдым. Интерді бұрыннан ұнатпаймын!
    Қазір елімізде сапалы спорт комментаторлары азайып кетті. Дайындалмай келе ме, не болса соны айта береді. Әсіресе футболда. Сондықтан мүмкіндігіңіз болса, бір рет ойынды жүргізіп көрсеңіз!

    Жауап беру

  3. АБАЙ
    Сәу 05, 2011 @ 12:24:54

    Басы кушті басталыпты). Иә,сараптама жаксы жасалган. жалпы,блог унады!

    Жауап беру

  4. Жандос Байділда
    Сәу 06, 2011 @ 11:14:21

    «А» сериясында ойыны бар екі-ақ команда бар. Оның бірі – «Милан», бірі – «Рома». Қалғаны сол нәтижесі түзу, ойыны сылбыр бірдемелер. Ал, Ерланға «Интер» не үшін ұнайтынын түсінбей отырмын. Маған «Интер» Снейдер үшін ғана ұнайды. Қалғанына пішту демекпін.

    Жауап беру

  5. Aina meken
    Сәу 26, 2011 @ 12:20:44

    Негізі бар ғой, Ерлан, мен доптың домалақ екенін білем десем, сеніңіз. :). 1998 жыл. інім суға бармайды. себеп – футболдан әлем чемпионаты болады. күнде-күнде! суы бар болғыр екі-ақ сағат ағады кешкілік. тезірек барып алмаса, бақшаны да суарп, үйге де су тасып үлгермейсің. тв алдынан тұрмайтын ініме ашуланып, мен де жанында отырып алдым бірде. сосын, футбол қызық боп, «жүгермектің» қылығын жұқтырып, інімді түсініп, мен де футбол көргіш болдым. бір ай біздің үй судың жетіспеушіліге шыдауға мәжбүр болған еді (ұялған смайлик). Мен қанша қызықтап көрсем де, футболдың ішіне енбегенім белгілі. кейде кимінің түсі ұнаған командаға да жақтаса беретінмін :))). содан кейін футбол көрмеппін қадалып отырып. Ал өзім өмірімде бір-екі рет мектепте ойнап көрдім, футбол ойнауға мүлде жарамайтындардың тізімінен табылатынмын, сосын команданы жарға жыға бермейінші деп, «кетуге мәжбүр» болғам :)))
    Пысы: (Интер туралы тақырыпқа мүлде басқа нәрсе жазып кеткенім үшін кешірім сұраймын, футбол туралы байланысым сол ғана болған соң, жаза салдым:) )

    Жауап беру

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: