Өзіме жарнама

Жоғарғы сыныптарда оқып жүрген кезімнен-ақ қазит-жұрналдарға шатпақтарым шығып келе жатқанмен, мұның жөні бір бөлек екен. Осы айдың басында «Жұлдыздар отбасы» журналына сұхбатым шықты. Қанша қашқақтағаныммен (өтірік қарапайымсып тұрғам жоқ е :)) Қарлығаш есімді қыз қуалап жүріп інтербиу алған. Осыдан 2 ай бұрын. Сол өткенде шығыпты. Ол шыққанша «Таразы» Астанаға көшті. Так что, «таразылықтар» ренжіп қалмасын… Сосын блогым жаңармағалы бірқыдыру уақыт өтіпті (Қызылорда, Шымкент қалаларына қыдырып қайтқам). Қысқасы, мынау сол сұқпаттың сұры.

– Ерлан, сізді көпшілік көрермен «Хабар» арнасындағы «Таразы» бағдарламасының жүргізушісі ретінде тани бастады. Осы бағдарламаны эфирге шығарушы журналистердің бірі ретінде «Таразының» өзге бағдарламалардан ерекшелігі неде деп санайсыз?
– Бұл сұрақты “Таразыны” қалдырмай қарап жүретін, жай қарап қана қоймай, өзге телеарналардағы басқа бағдарламалармен салыстыра отыратын көзі қарақты көрермендерге қойған дұрыс шығар. «Таразы» бағдарламасы ашылғалы бірнеше жылдың жүзі болды ғой. “Қазақ тележурналистикасында төңкеріс жасаған сұмдық-сойқан бағдарлама” дей алмаймын. Дегенмен, көрермендер жазған хаттарға, ауыл-аймаққа іссапарға барғандағы түсіру тобына деген ықылас, ниетке қарап, “көрерменін тапқан жоба шығар” деп үміттенемін.
Біздің бағдарламаның қатып қалған қағидасы жоқ. Кез-келген тақырыпта, кез-келген жерден сюжеттер дайындаймыз. Біз талқыламайтын тақырып жоқ. Саясат, экономика, мәдениет, руханият, спорт, әлеуметтік мәселелер… Балабақшадан – Ақордаға дейін. Елдегі қандай ауқымдағы болса да оқиғадан сырт қалмауға тырысамыз. Көрермен тарапынан бағдарламаға ұсыныс болса, қуанамыз. Жалпы ауылдағы қарапайым көрерменнің белсенді болғанын қалар едім. “Хабар” болсын, “Қазақстан” болсын мемлекеттің қаржысы арқасында өмір сүріп отыр ғой. Ал мемлекеттің қамбасы қарапайым адамдардың салық төлеген ақшасымен толады. Ендеше, басқа ракурстан қарайтын болсақ, мемлекеттік телеарналардың журналистерін асырап отырған, жалақы төлеп отырған – көрермендер. Демек, көрермендер не көргісі келеді, соны талап етуге, сұрауға құқылы.
– “Хабарға” келгенге дейін газетте тілші болдыңыз. Жалпы журналист ретінде жаныңызға қайсысы жақын: баспасөз бе, әлде телеарна ма?
– Бөле-жара қарағым келмейді. Екеуінде де бір жұмыс. Құрылысшы мен дәрігердікі сияқты айырмашылық жоқ қой. Рас, оқушы кезде аудандық газеттерге шатпақтап тұрдым, университетте мерзімді баспасөз кафедрасында оқыдым, журналистикаға ең алдымен газет арқылы қадам бастым. Дегенмен, телеарнаны да аса көп жатырқай қойған жоқпын. Бастысы – газетте жүргенде сауатты сөйлем құрауды үйрендім ғой. Ал бастауыш қайда, баяндауыш не екенін түсінетін журналист фотожурналистика болса да қинала қоймайтын шығар.
– «Жас қазақ» газетінде қызмет атқарып жүргеніңізде көбіне мәдениет саласына қатысты материалдар дайындап жүрдіңіз. Өз бағалауыңызша, қоғамға әсері тиетін мақалалар жаза алдыңыз ба?
– Бірдеңе жазып, қарқылдатқаным шамалы. Сол уақыт үшін ғана маңызды, жыл айналмай құнын жоғалтатын материалдар. Әліме қарамай, жаңа фильмдер, спектакльдер, концерттерді сынап, талдауға тырысып жүретінмін. Бәрі де өткінші тақырыптар. Сондықтан, жазғанымнан жазатыным көп шығар деп үміттенемін.
Сосын өзімді орта көрген журналист санаймын. Себебі, 2005 жылы жазда бірінші курсты тәмамдап, өндірістік тәжірибеден өтуге “Жас қазақ” газетіне келгенімде, кіл “сен тұр, мен атайын” журналистердің орасына түстім. Талғат Ешенұлы, Сәкен Сыбанбай, Жанарбек Әшімжан, Әмірхан Балқыбек, Есей Жеңісұлы, Еренғайып Қуатайұлы, Дәурен Қуат, Қасым Аманжолұлы, Гүлзат Нұрмолдақызы – қай-қайсысы болсын үйретуден жалықпайтын, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Әрі сол кездегі редакцияның ішкі ауа-райы да ғажап-тұғын. Редакцияда әріптестер емес, бауырлар, бір үйдің балалары жүргендей әсер болушы еді. Сәкен, Есей ағалар жазғанымыздың әрбір үтір, нүктесіне дейін шұқшиып қарап, қып-қызыл қып түзетіп, шатпағымызды қайтарып беретін. Сол “Жас қазақ” – маған үлкен мектеп болды. Екінші курста да осы газетте тәжірибеден өттім. Сосын үміт күтсе керек, бас редактор Талғат аға жұмысқа алды.. Аға буын журналистер айтып жатады ғой, “мен Шер-ағаңның шекпенінен шыққанмын”, “Марат Қабанбай мектебінің түлегімін” деген сияқты. Сол сияқты мен де мақтана айта алам, мен – “Жас қазақ” мектебінің түлегімін.
Ал 2009 жылы “Хабарға” келгенде де жолым болды деп айта алам. Серік Абас-шах, Арман Сқабылұлы, Болатбек Қожан, Шоқан Шөжеев, Ринат Думанұлы сынды нағыз кәсіби тележурналистердің ортасына түстім. Осы ағалар да мол тәжірибелерімен бөлісті, үйретті, сенім артты.
– Ал қазір еліміздегі басты арналардың бірінің журналисі ретінде қоғамға қандай үн қоспақ мақсатыңыз бар?
– “Мынау менің мақсатым, былай үн қосам” деп жабысып қалған ештеңем жоқ. Біздің үніміз – “Таразы”, “Арнайы репортаж” бағдарламаларында жасаған сюжеттеріміз. Шамамыз жеткенше мемлекетте қордаланып қалған проблемаларды көрсеткіміз, шешу жолдарын ұсынғымыз келеді. Қолымыздан қаншалықты кеп жатқанын білмеймін, бірақ, әйтеуір, тырбаңдап жатырмыз. Журналист – біреудің мәселесін шешіп беретін сот немесе құзыретті орган емес қой. Біз айтамыз, ақ пен қараны таразыға тартып көрсетіміз – міндетіміз сол ғана. Шайнап берген ас болмайды ғой. Керегін көрермен өзі айырып алады.
– «Таразы» бағдарламасын сізге дейін жүргізген Ринат Думанұлымен, Қуат Ахметжановпен сізді салыстыра айтылған сын-пікірлерді естіп жатқан шығарсыз?
– Әзірге ести қойған жоқпын. Әрі өзімді ол жігіттермен салыстырғым да келмейді және үшеуміз бір-бірімізбен салыстыруға да келмейміз. Сосын “Таразы” – менің тележүргізушілік қызметімнің басы ғана шығар деп ойлаймын. Құдай қуат берсе, өзімнің авторлық бағдарламамды да жарыққа шығарып қалармын. Сосын “Таразыдан” бөлек, қазір “Айбын” әскери-патриоттық бағдарламасын маған сеніп тапсырып жатыр. Белгілі журналист Шоқан Шөжеев биік деңгейге көтерген осы бағдарламаның екінші тынысын ашу маған жүктеліп отыр. Сондай-ақ “Хабар” агенттігі бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлының жетекшілігімен “Әңгіменің ашығы” атты сараптамалық-публицистикалық жаңа бағдарлама жарыққа шығарып жатырмыз.
– Сізді журналистикаға қызықтырған не нәрсе?
– “Дәл мына нәрсе мені журналистикаға жетелеп келді” деп кесіп-пішіп айта алмаймын. “Журналист болам” деп терезеге қарап қиялдап отырған кезімді есіме түсіре алмай отырмын. Мен оқушы кезде ағам “Жас Алаш” газетінде жұмыс істейтін. Кім біледі, бәлкім, сол ағама ұқсағым келген шығар?

Алгебра мен химия – кірмеді менің миыма
– Қай өңірдің қазағы боласыз?
– Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жолдыбай Нұрлыбаев ауылдық округіндегі қазіргі Ынталы деген ауылда туып-өстім. Атам Әбдіғаппар Сыбанбаевтың шаңырағынан он бала өсіп-өнген. Аллаға шүкір, үлкен әулетпіз. Әжеміздің аты – Ұлтай. Батыр Ана. Ал әкем Әбдір сол он ағайындының ең үлкені. Әбдірден үшеуміз. Әпкем, қарындасым бар. Шешемнің аты Жұмагүл.
Ауданындағы ең бір іргелі орта мектептердің бірі саналатын Ыбырай Алтынсарин атындағы № 91 мектепті тәмамдадым. 2004 жылы Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Бакалаврды тәмамдаған соң көштен қалмайын деп магистратураға құжат тапсырып, өзге түгілі өзім де ойламаған жерден оқуға түсіп кеттім. Бірақ бір жылдан соң тастап кеттім.
– Неге?
– Сол баяғы оқытушылар, сол баяғы әңгіме, сол баяғы лекция… Қысқасы, жалығып кеттім.
– Журналистика факультетінен болашақ кәсібіңізді оқып қана қоймай, өмірлік жұбайыңызды да кезіктірдіңіз емес пе?
– Иә, рас. Жолдасым да ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.
– Жұбайыңыз Лаура талай байқауларда топ жарған өнерлі арулардың бірі емес пе, көңілін табу қиынға соқпады ма?
– Бұл енді ешкімге қызық емес шығар. Менің әйелім – менің жеке меншігім.
– Кішкентай сәбилеріңіз күн өткен сайын түрлі қылықтарымен қуантып келе жатқан болар?
– Әрине. Бұл да өмірдің бір қызығы.
– Ал өзіңіздің бала күніңізден қандай естеліктер ойыңызға оралады?
– Сиыр бағатынбыз. Күнде кешке алаөкпе футбол. Мектепте артылып көзге түскен озат оқушы бола қойғам жоқ. Бірақ үлгерімім соншалық сорлы болды деп те айта алмаймын. Өзіме ұнамайтын алгебра, химия сияқты пәндерден қашып жүретінмін. Сабаққа мектеп формасын келмей келгенім үшін сынып жетекшісінен талай ұрыс естігенмін. Жалпы мұғалімдерге сүйкімсіз, қырсық оқушы болдым.
– Сөзіңізге қарағанда, директордың алдына талай барған сияқтысыз ғой?
– Көп болмаса да, жолымыз түсіп тұратын. Бірақ 10-11 сыныпта оқып жүргенде аудандық газеттерге, тіпті бір-екі рет әйгілі “Жас Алаш” газетінде шимай-шатпағым, мектепте ұйымдастырылған шаралар туралы ұсақ-түйек ақпараттарым жарық көре бастады. Бәлкім содан ба екен, мектеп директорымен арамыздан ала мысық көрген емеспін.
– Қазір ше? Қырсықтығыңыздың пайдасы тиіп жатыр ма, әлде зияны ма?
– Студент кезде оқытушылардың біріне “Емтиханда ақша алмаймын дегеніңіз – өтірікшінің сөз емес пе?” деп айтып салып, сессия кезінде біраз сенделгенім бар. Пән ұнамаған соң, курстық жұмыс жазбай, емтиханнан да қуылғанмын. Мұны енді қазіргі студенттерге үлгі ретінде ұсына алмаймын. Бірақ өз принципіне адал адамдарды құрметтеймін.
Ал нашар мінезден пайда бар дегенді естіген емеспін. Мұсылманның көркі, байлығы – көркем мінез, сабыр.
– Журфак пен филфактың студенттері шетінен ақын болушы еді, сіздің де поэзияға жақындығыңыз бар болар?
– Өлең жазатын қабілетім жоқ. Бірақ жатақханада төрт жыл Мұрат Есжан деген ақынмен бірге тұрдым.
– Адамның жасы ұлғайған сайын жанындағы достары азая түседі деп жатады, ал сіздің қазіргі күні достарыңыз көп пе?
– Жас ұлғайғанда енді… жағым түсіп қартайып тұрғаным жоқ. Бірақ жас болып, жайқалып тұрғаным да шамалы. Жаныма жақын достарым, Құдайға шүкір, жоқ емес. Бәрі дерлік журналистиканың маңында жүрген жігіттер.
– Журфактың әйгілі бесінші жатақханасында студенттік өміріңізді өткіздіңіз. Сол бір естен кетпес студенттік жылдардың естеліктерімен бөліссеңіз…
– 411-і бөлмеде тұрдым. Өмірі күн түспейтін. Ұйқы шақырып тұратын бөлме еді. Төртінші курста оқып жүргенде таңғы сағат бесте бірінші курстың қыздарына мәнті пісірткенбіз. Оны пісіретін мәнтіқазан іздеп, бүкіл бөлмелердегі студенттерді оятып шыққанбыз. Тамағымыз піскен соң оны жайланып отырып, асықпай сегізге дейін жеп, біз ұйықтадық та, байғұс қыздар көздері қызарып лекцияға кетті.

Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА,
karsha88@mail.ru

9 пікір (+add yours?)

  1. Ғалия
    Сәу 19, 2011 @ 14:10:53

    Берліген сұрақтары онша қызық емесссс. Образың:-) кішкене ашылмай қалған ба қалай өзі.

    Жауап беру

  2. Abilakim
    Сәу 20, 2011 @ 10:42:00

    Кертаев жақсы жүргізтетін

    Жауап беру

  3. sportstan
    Сәу 20, 2011 @ 18:20:34

    Ерлан, анау бірінші курстың көзі қызарып, лекцияға кететін қыздарын танитын сияқтымын… Баяғыда «Сұрақтарың анау «Жұлдыздар отбасыныкі» сияқты болмасын. қайда тудың, болашақ жарыңмен қалай таныстың деген сияқты» деп ұрысқаның есімде…Маған ұнады сұхбат!

    Жауап беру

  4. tarazkyzy
    Сәу 21, 2011 @ 04:48:28

    Буфетке барып шәй сораптап ішетін күндер мен лимон сұрайтын түндер туралы неге айтпай кеткенсің а, Дерлан:-)

    Жауап беру

  5. ТҰСПАЛСӨЗ
    Сәу 21, 2011 @ 06:17:18

    Ерлан өлең жазады негізі. Ереке, егер рұқсат берсең, автобус туралы өлеңіңді жариялайыншы, а?

    Жауап беру

  6. zhazular
    Сәу 21, 2011 @ 07:30:35

    Тұспалсөздің «негізі» мен сұрауына мен де қосыламын! жарияласын…

    Жауап беру

  7. 12aikon1986
    Сәу 21, 2011 @ 08:58:52

    Өзіме жарнама дегенге өзін жарнамалап жар іздеп жүр ма десем ;).

    Жауап беру

  8. Aina meken
    Сәу 26, 2011 @ 12:10:26

    Ерлан, мына фото журналда жоқ еді, тамаша фото екен! 🙂 (көз не деп тұр?)
    Ереке, адамгершілгіңізді де, кәсібилігіңізді де ерекше құрметтеймін! Кәсібилігі мықты талайды көріп жүрмін, мінезіндегі мінін көргенде, жаман боп қалам. Шын ниетіммен айтайын, сіздің «қырсық» мінезіңіз де өзіңізге жарасады! (Ерлан, сосын мен мынаны тәжірибе жүзінде ойға түйдім: мінезі жаман адамды қабылдау оңай, (тіпті бәріміздің де мінезіміз оңып тұрғаны шамалы ғой), ал ниеті жаман адамды түсінуге де тұрмайды екен. АЛЛА ниетімізді лайламасын! Көркем мінез нәсіп етсін! Ерлан Әбдірұлы өркендей берсін, өрлей берсін! )))

    Жауап беру

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: