Ел-жұртқа «Реал» – «Барселона» матч жайлы ертең жазам» деп алып, жазбай қойдым. Ренжісеңіздер де, шешеден боқтап жүрмесеңіздер болды. Болатын іс болды емес пе? Алдағы сәрсенбі бұл екі алып қарымта кездесу өткізеді ғой. Енді Пеп пен Жозе сияқты доп тебу өнері гроссмейсерлерінің кездесуі жайлы бес-алты жол жазбасақ, футболға обал болатын шығар.
Моуриньюдың ахуалын басыңызға бермесін.
Енді финалға шығу үшін «Реал» үш доп айырмасымен жеңуі керек. Жеңуді қойып, таразы басын теңестірудің өзі мұң. Пепе екібастан ойнамайды, Серхио Рамостың сары қағазы көбейіп кетті – одан да үміт жоқ. Оған қоса, қарымта матч «Камп Ноуда» – Гвардьола жігіттерінің тезек тастап бөліп алған территориясында өтеді. Плюс – Маурдың өзі алаң жиегінде тұрып шәкірттеріне дирижер бола алмайды, білесіз. Жарайды, алдағы ойынды айтып, бас қатырмай-ақ қояйықшы. «Ең құрығанда екі доп соғу үшін не істеу керек?» деген сауалға жауапты Айтор Каранка сияқты бұтбол пилосыптармен бірлесіп, «Особенныйдың» өзі шеше жатар.
Сонымен «Реал» – «Барселона» матчы жайлы миыма түртіп алғандарым – мыналар:
1. Тактика және кадрлық проблемалар.
Қонақ – Гвардьола сол қапталды қорғауға кімді қоярын білмей діңкелеген сияқты әбден. Абидаль операциядан кеше шықты, Милитоның жайы мәлім. Ақыры мені де таң қалдырып, сол қапталға Пуйольді қойыпты. Карлестің ежелі тас дәуірінде бір-екі рет оң қаптал қорғаушысы болып ойнағанын көргенім бар-ды. Бірақ ол кезде Пуйоль енді-енді негізгі құрамға тартылатын да, орталықты Абелардо Фернандес сияқты динозаврлар мекендеуші еді… Пуйоль солға ысырылған соң, оның орны, әрине, үңірейіп қалады. Бұл мәселені Пеп Хавьер Маскераноны сол позицияға шегерумен шешіпті. Ал “Барселона” – “Арсенал” кездесуінде орталық қорғаушы болып көрген Бускетс өзінің гос-акт алып, жекешелендіріп алған артқы жартылай қорғаушы орнында ойнады. Оған Сейду Кейта болысты. Ал “Барсаның” бас креативщигі Хави сүйікті ісі – Месси мен Вильяға доп жеткізіп берумен айналысты. Демек, комментатор Ермұхамедтің Хавиді тірек қорғаушы (опорник) деуі – дәлелсіздеу болды. Рас, Хави де опорник болып ойнай алады. Бірақ Бускетс пен Кейта жоқ кезде. Яғни, бұдан шығатын қорытынды – “уефа.комның” мәліметтеріне сүйене берудің қажеті жоқ. Меніңше, Гвардьола схемасы 4+2+3+1 дегенге саяды.
Моуриньюға да қорғаныс шебіндегі окоптарды қайта қазуға тура келгені көрініп тұрды. Серхио Рамосты оң қапталдан айырған – Карвальоның кесірі. Арбелоа, Рамос, Альбиоль, Марсело төрттігіне Пепе, Хави Алонсо, Лассана Диарра үштігі қарайласты. Сол қапталда Ди Мария ойнаса, орта тұс пен оң қапталда Өзил мен КриРо зикзаг жасап жүрді. Яғни, 4+3+3.
2. Ойын.
Демек, Маур ойынды шабуылшысыз бастады. 33 турда 29 гол соққан Роналдудың мергендігіне шүбәміз жоқ. Дегенмен, Криштиануды Бензема, Игуаин сияқты таза форвард деп айта алмаймын. Былтыр Моуринью “Интер” рөлінде “Барсаны” катеначчо – тас-қамал қорғаныс тактикасымен жеңген еді. Бірақ биыл мұндай бетпақ жүйе жеміс бермеді. Штарктың Пепені қуып жіберуі, рас, сәл әділетсіздеу болды. Алвештің өтірік өкіріп жатқанын бүкіл әлем көрді. Әлгінде ғана қирап жатқан ол минут өтпей жатып, оң қапталда безіп жүрді емес пе?
“Реал” “Барсаның” қателесуін күтті. Контршабуыл арқылы матч тағдырын шешеміз деп ойлады. Бірақ осы ойында негізінен Мессиді күзеткен Пепе қызыл қағаз алған соң, Леоның да тынысы ашылды. Нәтижесі белгілі. Сондықтан, “Пепенің қуылуы – ойындағы шешуші сәт болды” деушілермен толықтай келісемін. Сіз келіспесеңіз, Мессимен допқа жекелеген талас кезінде Пепе қанша рет басым түсті деген сауалға жауап беріңіз. Білмесеңіз, ойынды қайта қараңыз.
Рас, “Барса” матч бойы басым ойнады. Бірақ бұл “Реал” “Құдай салды, біз көндік” деп бағына салды деген сөз емес.
3. Нәтиже.
Картақұмарлар “Реалдың” қолы жүрмеді” десе жарасады. Маур салған бетон қамалдың шеті мүжілген соң-ақ “Сантьяго Бернабеуде” жеңілістің исі мүңкігені анық. Бірақ сол сәтке дейін алаң ортасын негізінен Моуринью үштігі – Пепе, Хави Алонсо, Диарра бақылады. Хедира да сапта болғанда. Хавидің тынысы тіпті тарылар еді. Пепенің көз алдында қызыл қағаз жарқ еткенге дейін Маурдың тактикасы 100 пайыз нәтиже беріп тұрды. Егер жартылай қорғаушы сапта болғанда, ойын нәтижесі басқаша боларына бәс тіге аламын.
Мессидің қос голы да тік тұрып қол соғуға лайық. Луческудың сөзін сәл өзгертсек, “Реал” футбол машинасынан жеңілді”.
4. Енді не болады?
“Манчестер Юнайтед” сырт алаңда “Шалькенің” екі аяғын бір етікке тықты. “Барса” да бір аяғымен финалда. Демек, 2009 жылғы финалистер қайта тоқайласуы ғажап емес. Мысалы, Ақырыс сэр Алекстің шәкірттері Лига жеңімпазы болатынына кәміл сенетінін ішім құрғыр сезеді. 🙂 Кім біледі, футболда бәрі де мүмкін.
Айтпақшы, комментаторлар тақырыбына айналып соғуға уәде беремін. 🙂
Мам 01, 2011 @ 07:01:46
Акырыс «Маншестерканы» колдайды)мен «Реалный» ойнайтын команданы колдаймын.Просто кеше жолдары болмады. Коментаторлар такырыбы кызыктырып тур,Ереке
Мам 01, 2011 @ 09:32:45
Тілді қышытып жүрген тақырып қой.
Мам 01, 2011 @ 15:30:12
Кезекті ойынды жіліктеп айтарлыктай талдаган екенсіз. Тек өкініштісі тікелей эфирде дәл осылай болмағаны.»Аң шадырын оқ табар» демекші тіліңізді қышытқан тақырып біздің де жүрегімізді ауыртады.
Мам 02, 2011 @ 16:21:19
Негізі, «Барсаның» жауы маған дос деп жүрген адаммын. «Қызыл сойқандардың» «Барсаны» мамалатып тұрып, екі жыл бұрынғы есені қайтарғанын тілеп жүрмін! сол күнге жеткізсін! сенем саған, сэр Алекс ақсақал! ал, мына ойында «Реал» сапындағы португалдар үшін жаным ауырды.