Кім жеңеді?

Ала доп десе арқасы қозатындар жақсы біледі – жылдың ең басты матчы өтетін күн таяу. Алла жазса, алдағы сенбі жанкүйер біткен әйгілі «Уэмблиге» ағылады, жете алмағаны теледидар алдында топтасады. Ал «кім жеңеді?» деген әңгіме кеу-кеулеп жүргелі қашан. Букмекерлер құйрығы жер иіскемей зыр жүгіріп жүр, футбол жауырыншылары есте жоқ ескі замандардан бергі статисиканы ақтарып, болжам жасап әлек, спорт сайттары командалардың күш-әлеуетін жіліктеп, салыстырып әуре, коммент жазғаны үшін айлық алатын жазғышбектер бір-бірін жеті атадан бір-ақ қайырып жүр. Дегендері болса, бұларға бірдеңе бөліп беретіндей, Әйтеуір, бір дырду.
Қысқасы – «Барселона» – «Манчестер Юнайтед». Сонымен…
1. Кім жеңеді?
Ойбай, мен қайдан білейін 🙂 Айтпақшы, ұмытып барады екем, футбол пилосыптарының көбі (мисалы, Арсен Венгер, Христо Стоичков, Йохан Кройф т.б.) және мен танитын біраз жанкүйер испаниялықтардың жеңетініне бек сенімді. Тіпті 2:0, 3:0 жеңеді деп бет қаратпайды. Әрине, Месси бастаған Гвардьоланың мыңжасағырлары мықты-ақ. Бірақ бұл «Барса» жеңді, бітті» деген сөз емес қой. Ақыры «Барса» жеңетін болса, финалда ойнап не керек? Алтынды Каталонияға «Сайрандағы» автобустардан салып жібере салмадық па? Таңертең күтіп алып, мойындарына тағып ала салар еді… Қысқасы, «сөзсіз «Барселона жеңеді» деген бос сөз. «МЮ»-ға бүйрегі бұрып отыр демеңіз. Бірақ «Манчестер» «Барселонаға» оп-оңай арандап қалатындай, Ферги өңшең арамтамақ жинамаған шығар.
2. Кім мықты?
Мұны да білмеймін. Статистика – бөлек әңгіме. Оны «Аламаннан» оқып аларсыздар (жазған шығар деп ойлаймын). Ал ойыншылар жағынан әлемнің қазіргі үздік футболшысы Месси «Барселона» сапында болғандықтан, таразы басын «блауграна» басып тұрған шығар. Дегенмен, «Манчестерде» де жастық орнына доп жастанып өскендер көп. Және: доп – домалақ, алаң – тегіс, қақпа – бірдей, ойыншылар саны – тең. Ендеше Мессиден қорқып, «МЮ»-дің жеңуі үшін жеті шелпек таратып жүргендер мүжілмей-ақ қойса болады.
3. Кім қандай тактика таңдайды?
Тоже назнаю. Гвардьола мен сэр Алекс, мен білсем, дәл қазір сіз осы жазбаны оқып жатқанда, осы сұраққа бас қатырып жатыр. Ал егер жеке жанкүйерлік көзқарасыма салып жіберсем, әрине, «Барса» әдеттегідей допты ұзақ бақылауда ұстайтын шығар деп ойлаймын. Ал «МЮ», керісінше, контршабуыл арқылы гол соғуды қалайды. Моуриньюдың («Реал») Гвардьоладан алаң ортасында жеңілгенін сэр Алекстің түсінбеуі, білмеуі мүмкін емес. Тіпті жартылай финалдағы «Реал» мен «Барселонаның» текетіресін әккі шал әлденеше қайталап көрген де шығар-ау. Ендеше, Ферги ең бірінші алаң ортасын – жартылай қорғанысты барынша күшейтетін шығар. Кэррик пен Гиггз сәл артта, Пак сол қапталда (Гиггзбен жиі орын ауыстырады) Андерсон – ортада, Нани – оң қапталда. Руни – көзіміз үйренгендей, алаң ортасына қарайлайды және жартылай қорғаныс пен шабуыл ортасын жалғаушы көпір болады. Қақ маңдайда – жалғыз Чичарито. Бірақ, кім біледі, Фергюсон аяқ астынан шабуылдаушы тактика ұстанып, Пак орнына Валенсияны шығаруы да ғажап емес. Қорғаныс ауру-сырқаудан аман болса – Рафаэль, Фердинанд, Видич, Эвра.
Ал Гвардьоланың бас ауруы – қорғаныстың сол қапталы болса, таң қалмаймын. Пуйоль нашар ойнады деген сөз емес, бірақ «МЮ» – «Реал» емес екені анық. Ди Марияға алынбаған Пуйоль қамалын реактивті Нани (немесе Валенсия) кертіп жесе, ғажап емес. Және мұндай матчта жартылай қорғаушы Маскераноны қорғаныстың қақ ортасына тағы қоюға Пептің жүрегі дауалай қоюы – әй қайдам. Сондықтан Карлес орталықтағы «отанына» оралса керек. Алаң ортасында – Хави-Иньеста-Бускетс үштігі. Сосын шабуылдағы -орындарын адам айырып болмайтын аласапыран – Вилья-Месси-Педро «МЮ»-дің бес бірдей жартылай қорғаушысының басын айналдырумен айналысса керек. Демек, «жартылай қорғанысыңды көрсет, мен саған командаңның қандай екенін айтайын» деген әңгіме осы ойында тағы айтылатын шығар.

28-іне дейін, әдеттегідей, суреттермен сусындай тұрыңыздар. Ұмытып барады екем, Ақырыс сияқты «МЮ» жанкүйерлері мынаны оқысын. Менен көшіріп алыпты 🙂 http://www.sports.ru/tribuna/blogs/mrachnost/195447.html

Кейде бір ойланғанда…

Кеше көшеден негрмен қол ұстасқан қазақ қызын көріп қалдым. Иә, кәдімгі басы мейіздей қап-қара зәңгі ше! Біздің қыз мәз енді. Қайтсін-әй! Танауы делдиіп, кәдімгідей құлағынан пар будақтап кетіп бара жатыр, шіркін. Әлгімен әмпей-жәмпей боп жүргені – өркениет! «Қарындасым-ау, мұның қалай» деп көріңіз. Мұрныңызды жұлып, сақал-мұртыңызды отап, қолыңызға ұстата саларына мен кепіл!
«Бұл –жаңалық емес» деп әрі қарай оқымай қойсаңыз да мейлі. Бірақ «ибай, бетім-ай, масқара, көргенсіз, тәрбиесіз!» деп өтірік ұрандатып, көпіртіп әкеткелі тұрғам жоқ. Расист емеспін, ұлтаралық татулық болғанын қолдаймын, Заң жарықтық қыз-қырқынға «қалағаныңа ти» деп қақпаны ашып бергені де рас. Маған қызығы – біздің құндылықтар қалай, неге құбылып кетті?

Біздің ауылда кәрістерді «ит жеген» деп жақтырмайтын. Күріш егіп жүретін қылиларға бөгде планеталық сияқты біртүрлі, онша емес көзқараспен қараушы едік. Несіне мәймөңкелеймін, жиіркенетінбіз-ей шындығы. Бүгін-ертең Ақтөсті ап кетердей ауылға маңайлағандарына ала сөзбен қараушы едік қой. Қазір екі аяқтыда кәрістен сұлу жаратылыс жоқ сияқты. Қыз-қырқынды қойып, қатын-қалашқа дейін кәріс десең, қырылып түседі.
Ал орыстарды «кәпір» дейтін. Біздің ауылдың қандай да бір қызы алабөтен қылық таныта қалса, шешесі қуып жүріп оқтаумен сабар еді. Сонда деймін-ау, итімізді де кәрістерден қызғанушы ек қой, иә? Бүгінгіміз мынау енді. Орыс, кәрісіңді былай тарт, эфиоп па, піл сүйегі жағалауынан келген абориген бе, білмедім. Әйтеуір, бір жатырдан шықпасаң да, сенің нәсіліңнен тараған тіршілік иесін тақымдап бара жатыр. Бір ұлттың екінші ұлттан ешқандай артықшылығы жоқ екенін қанша іштей мойындасам да… біздің қыздың беті түгілі безеуінен садаға кетсін-ей әлгі міскін! Бірақ енді не істейсің? Қолыңнан не келеді? Бетіңді жыртып жылайсың ба, негрмен жата кеп төбелесесің бе, «ойбой, қызым-ау, сен қазақсың ғой» деп оған Жаяу Мұсаның әнін айтып бересің бе, «айналайын, «Абай жолын» оқышы» деп жалынасың ба? «Ұрдым да, қол қойдым» дейтін шығар – бәс тігейін.
Кейде (иә, кейде) жатып алып бір ойланасың ғой. Ағаш емеспіз, диван емеспіз, сиыр емеспіз – ойлануға болатын шығар? Қазақты не құтқарады енді?

Бәрі де салыстырмалы…

Блогымда түнеукүні Алматыда айтыс өтетіні жайлы ақпарат жариялаған едім. Айтыс, Аллаға шүкір, Студенттер сарайында дүркіреп өтті. Сол айтыстың қорытындысын жазуды әуелде өзім де ойлап жүргем. Бірнеше оқырман айтыстың қорытындысы жайлы жазуымды сұрағаны да еді. Бірақ, бір жағы жұмыстан қол босай қоймады, екіншіден, бірер блогта айтыстың қалай өткені жайлы жан-жақты жазылған соң, «ел менсіз де хабардар шығар» деген ой келіп, жағамды жайлауға жібергенім де рас.
Бірақ «Стан» ақпараттық бейнепорталында Алматыда өткен айтыс жайлы атүсті жазылған материал көріп қалған соң, үнсіз жатқанды теріс көрдім. Менің пікіріме қарап қалған ештеңе жоқ, әрине. Әркімнің талғамы әртүрлі екені де рас қой.
Біріншіден – «Нұр Отан» партиясының аясындағы шара ретінде таныла бастаған айтысқа ынта басылмапты». Нағыз асыра сілтеу енді. Инга, без обид. Иә, осымен екінші рет (Астанадағы айтысты қосып айтып отырмын) айтыс өткізуге мұрындық болушы – «Нұр Отан». Сәл бұрын айтысты тоқтатып қойған да «Нұр Отанның» мүшелері екені де рас. Бірақ сол айтыс өткізілмей қалғанда оппозиция неге тонын жамылып, теріс қарап жатты? Қайта билікті дәл сол кезде тас-талқан қып сынап, әрі сол сәтті тиімді пайдалану арқылы оппозиция серкелері айтыс ұйымдастырып, елдің ықыласына бөленсе, қайда қалды? Демек, бұл сөйлем – «нұротандықтар» ұйымдастырған сәтті шараны көре алмай, іш тырнау сияқты болып көрініп қалды. Сосын неліктен елдің айтысқа деген ынтасы басылуы керек? Түсініксіз. «Нұр Отан» ұйымдастырғаны үшін бе? Өзіміздің «Нұр Отанға» деген жеккөрушілігімізді неге елге таңамыз? Неге менің «Нұр Отанды» құлай сүйіп жақсы көруге құқым жоқ? «Жасасын, демократия!» лепіргенде лебімізден адам ұшардай да, тағы да біреудің жеке, ішкі ойларына араласқымыз келеді. Менің миым – менің жеке меншігім емес пе? Сосын, оппозицияның қол-аяғын кім шідерлеп отыр? Айтыс өткізсін, мүмкіндіктері болса, осылай тегін өткізсін, ақындарды жарылқап, сый таратсын. Бірақ енді осы жерде «билік мүмкіндік бермейді» деп жыламай-ақ қояйықшы, иә…
Екіншіден – «айтысқа келген көп адам кіре алмай сырттан қайтты». Шындық. Бірақ енді елдің айтысқа кіре алмағанына «Нұр Отанның» айыбы не? Кіру тегін болды ғой. Студенттер сарайы аузы мұрнынан шыға толды, тіпті көп жұрт еденде отырып, тіпті түрегеп тұрып тамашалады. Яғни, елді кіргізгенмен пайда жоқ еді. Түрегеп тұрып көретін де жер аз болды. Одан артық не істейсің? Республика сарайы жөндеуде, ал бұдан үлкен орын жоқ Алматыда. Сондықтан көп жұрттың даладан қайтқанына – өздері кінәлі. «Бұрын барсаң, орын бар». Әрі жүрген-тұрған адамдардың көптігі – «Хабар» арнасының түсіру тобына кедергі келтіруі мүмкін болғандықтан да есік құлыпталған болуы әбден мүмкін.
Үшіншіден – Асылы Осман. Бұл кісі Инганың жазуынша, сыртта қалып қойыпты. Өзі айыпты. Кешігіп келген. Әйтпесе, айтыстың екінші жартысында төрде отырды емес пе? Тіпті оған айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман назар аударып, атын атап, орнынан тұрғызып, құрмет те көрсетті.
Төртіншіден – Қайрат Сатыбалды. Айтыстың негізгі ұйымдастырушысы шынында да осы кісі екен. Естуімізше, Қайрат мырза шынында да біраз ақынды умраға (кіші қажылық) апарып келген. Ну и что? Алла разы босын, мойындайықшы, сауапты іс қой. Мәскеу түбінен өзінен басқа ешкімге қайыры жоқ қала салғанмен салыстырғанда, меніңше, қазаққа әлдеқайда осы пайдалы. Қасиетті жерге ақындарды апарып келсе және сол ақындарға көрген-білгендерін елмен бөлісуге жағдай тудырып берсе, несі айып, айтыңызшы?
Бесіншіден – «ақындар биліктің жетегінде кетті». Мен Жандарбек Бұлғақов немесе Айбек Қалиев болсам, авторды сотқа берер едім :). Өзімнің ешкімнің жетегіндегі адам емес екенімді дәлелдеу үшін және бұл сөздің жала екендігі үшін. Ринат Зайытов тіпті Арабияда Қайрат Сатыбалдының жекеменшік жері бар екенін де айтқан жоқ па? Егер ақындар расында биліктің жетегінде болса, оншақты рет айтылған Мәсімов және оның атақты мұрты, сондай-ақ қазақ жерін мол қарпып жатқан мешкей Сергей Кулагин, айтыста елге дауыс көтерген әдепсіз министр Мұхтар Құл-Мұхаммед, патшаның қолын сүйген «хас жағымпаз» Әбіш Кекілбаев, парламентте ұйықтайтын Бекболат Тілеухан және оның сақалы, жер сілкініп жатса да, қамсыз отырған аю – Божко, қазақша әліпті таяқ деп білмесе де, «Жас Отанды» басқаратын «сайыпқыран» Нұрлан Өтешов тақырыптарын (есіме түскендерін ғана жазып отырмын) автор естімей қалса керек.
«Нұр Отанның» ақпараттық демеушісі, болмаса, Қайрат Сатыбалдының пиар-менеджері емеспін. Бұл – айтыс мінсіз, супер деңгейде өтті деген де сөз емес. Сынайық – Ринат Зайытовтың дайындықсыз келгенін, сынайық – Алтынбек пен Заманбек өлімдерін айту – ақындарға ел алдында бедел көтеретін құралға айналып бара жатқанын, сынайық – ақындардың Мекке мен Алматы халқының иман деңгейі әртүрлі екенін есептемей сөйлеуін, сынайық – ақындар алты сағаттан бері жағы талмай таухидті (Аллаға серік қоспау) түсіндіріп жатқанда, Жүрсін Ерманның әдейі істегендей Өмірзақ Сәрсеновке «қасиетті айтыс өнері әркез қолдап жүрсін сізді» деп лағуын, сынайық – ақындар көтерген біраз мәселенің – проблеманың себебімен емес, салдарымен күресуге бағытталғанын, сынайық – ақындардың «тарықпайық, қалықтайық, анықтайық, шалықтайық» сияқты өте арзан ұйқас қулайтынын, сынайық – бұл жолы «октябряттар орнына ақпақұлақтар келді ғой» немесе «белесебеттен құлаудай, беделден қулау бүгінде» сияқты (Б.Әшірбаев) тапқыр, әрі терең тіркестерді аз естігенімізді, сынайық – ақындардың публикаға ойнап, сасық қулық жасайтынын. Тізе берсең, жетеді.

Р.S. Ниетім – автор Инга Иманбай қарандасымның бетінен алып, ұрсу емес. Біздің басылымдардың біржақты жазатынына, елдің атынан сөйлеп, халыққа өз пікірлерін таңғысы келетініне қарным ашады. «Нұр Отан», үкімет сыналмауы керек демеймін, проблема – шаш-етектен, сынаңыз – былай жетеді. Бірақ «бәрі де салыстырмалы». Б.Тілеухан айтпақшы, Тасбай Симамбаев сияқты Петропавл атының өзгермеуін қолдайтын тасмаңдайлар тұрғанда, қазақ классигі Әбіш Кекілбаевтың «адам – қартайғанда бір балалығын» сөз қылудың несі ерлік? Сол сияқты қаптаған машкевичтер, митталдар, храпуновтар, әбіләзовтер, кимдер шетелден вилла салып жатқанда, Қайрат Сатыбалды айтыс өткізсе, айыпты ма? Күнде ондаған задорновтар, кашпировскийлер, пугачевалар шығып жатқан сахнаға бір күн өзіміздің ақындар шығып, кеше – ата-бабамыз, бүгін – сіз бен біз ұстанып отырған хақ Ислам діні ең алғаш таралған Мекке мен Мәдинәдан алған әсерлерімен бөліскенге жазғыра жөнелу – жөнсіз қылық емес пе?

P.P.S. Айтпақшы, осы айтысты 14-15 мамырда «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар. Жақсы телеарна жаман жарнаманы қажет етпейді, әрине. Режиссері – Қадыржан Құлманов. Редакторы – Ринат Қайыртайұлы :).

Оле, оле, өләәә!

Өткенде бір шатпағымда футбол комментаторлары жайлы жазамын деп уәде берген едім. Сөйтіп ауыз жиғанымша болған жоқ, Еуропа Чемпиондар лигасының жартылай финалында кездескен «Барселона» – «Реал» матчын жүргізген Ержан Көшкінбаев біраз жүйге талшықтарымның жаназасын шығарды-ау…

Әңгіме – біздің комментаторлардың ойын тактикасын дұрыс талдай алмайтынында, болмаса, ойыншылардың орналасу схемасына терең үңілмейтінінде немесе бапкердің неге мұндай құрам шығарғанын жіліктей алмайтынында, қысқасы, жалпы, футболды түсінбейтінінде емес (ол бұйдасы бөлек түйенің, ой, әңгіменің жүгі).  Әңгіме біздің айташылардың орысша ойлап, сол ойын ойын (матч) үстінде қазақшаға аударып барып, сосын бізге айтып, қиналып отыратынында.

Бәрін құртқан «арамдатқыр көкшолақ»  – орыс тілі, иә. Орыстілді комментші Павел Цыбулиннің кенет қойған сауалына сасып қалды ма екен, Ерекең де осьминог деп соғып жіберді. Былтыр Жандос Айтбайұлы «Лига Чемпионов сайыстарында» деп қалып еді.  Орысша қосып сөйлеу модыға айналды ма, немене? Былтыр Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатында «сәуегейлікпен» семірген сегізаяқ Паульді ұмытпаған шығарсыздар. Сол «қайтыс болыпты». Ерекеңнің сөзі ғой.  Бәлкім өлген шығар, а? Телевизия тілімен айтқанда, общий планда алсақ, бұл сөзде тұрған ештеңде де жоқ, әрине. Қайтыс болды – қайтты деген сөз. Дегенмен, теңіз жануарына қайтыс болды деген сөз қаншалықты жарасымды екен?

Сосын Ержан жүргізген матчтарында «рез» деген сөзді қолданып тұрады. Қазақшасы «рет» қой. Мысалы, «бірнеше рет әуелетіп пас берді». Мұны «бірнеше рез пас берді» деп айтқаннан не түсінеміз? Рез – орысша раз (несколько раз, мисалы) ба екен, әлде? Алматы облысы халқы осылай сөйлейтінін білемін. Яғни, диалект болуы да мүмкін. Бірақ бәрібір, диалект болған күннің өзінде, оны тікелей эфирден – Қазақстан Ұлттық арнасынан айтуға болады деген сөз емес. Әйтпесе, батыс облыстардың бірінен шыққан комментатор «Руни қасқаааа, керемет гол соқты» немесе «қойшиш, Павел, Пепе қызыл карточка алатындай дөреклік жасаған жоқ»  деп жүрер. Немесе шымкенттіктер 17 млн. Қазақстан аудиториясының алдында «Оле, оле, өләә!» деп отырса не болады?

«Жаңылмайтын жақ жоқ», әрине. Ержан ағамыз бізге ренжімейтін шығар. Ешкім оқымайтын менің блогымда болса да, бір отклик болуы керек қой. «Барселона» – «Реал» матчын жүргізгендегі осындай қателіктері үшін комментаторға өз басым қызыл карточка көрсететін едім. Дисквалификация мерзімі біткесін эфирге шығуыңызды күтеміз 🙂