Бәрі де салыстырмалы…

Блогымда түнеукүні Алматыда айтыс өтетіні жайлы ақпарат жариялаған едім. Айтыс, Аллаға шүкір, Студенттер сарайында дүркіреп өтті. Сол айтыстың қорытындысын жазуды әуелде өзім де ойлап жүргем. Бірнеше оқырман айтыстың қорытындысы жайлы жазуымды сұрағаны да еді. Бірақ, бір жағы жұмыстан қол босай қоймады, екіншіден, бірер блогта айтыстың қалай өткені жайлы жан-жақты жазылған соң, «ел менсіз де хабардар шығар» деген ой келіп, жағамды жайлауға жібергенім де рас.
Бірақ «Стан» ақпараттық бейнепорталында Алматыда өткен айтыс жайлы атүсті жазылған материал көріп қалған соң, үнсіз жатқанды теріс көрдім. Менің пікіріме қарап қалған ештеңе жоқ, әрине. Әркімнің талғамы әртүрлі екені де рас қой.
Біріншіден – «Нұр Отан» партиясының аясындағы шара ретінде таныла бастаған айтысқа ынта басылмапты». Нағыз асыра сілтеу енді. Инга, без обид. Иә, осымен екінші рет (Астанадағы айтысты қосып айтып отырмын) айтыс өткізуге мұрындық болушы – «Нұр Отан». Сәл бұрын айтысты тоқтатып қойған да «Нұр Отанның» мүшелері екені де рас. Бірақ сол айтыс өткізілмей қалғанда оппозиция неге тонын жамылып, теріс қарап жатты? Қайта билікті дәл сол кезде тас-талқан қып сынап, әрі сол сәтті тиімді пайдалану арқылы оппозиция серкелері айтыс ұйымдастырып, елдің ықыласына бөленсе, қайда қалды? Демек, бұл сөйлем – «нұротандықтар» ұйымдастырған сәтті шараны көре алмай, іш тырнау сияқты болып көрініп қалды. Сосын неліктен елдің айтысқа деген ынтасы басылуы керек? Түсініксіз. «Нұр Отан» ұйымдастырғаны үшін бе? Өзіміздің «Нұр Отанға» деген жеккөрушілігімізді неге елге таңамыз? Неге менің «Нұр Отанды» құлай сүйіп жақсы көруге құқым жоқ? «Жасасын, демократия!» лепіргенде лебімізден адам ұшардай да, тағы да біреудің жеке, ішкі ойларына араласқымыз келеді. Менің миым – менің жеке меншігім емес пе? Сосын, оппозицияның қол-аяғын кім шідерлеп отыр? Айтыс өткізсін, мүмкіндіктері болса, осылай тегін өткізсін, ақындарды жарылқап, сый таратсын. Бірақ енді осы жерде «билік мүмкіндік бермейді» деп жыламай-ақ қояйықшы, иә…
Екіншіден – «айтысқа келген көп адам кіре алмай сырттан қайтты». Шындық. Бірақ енді елдің айтысқа кіре алмағанына «Нұр Отанның» айыбы не? Кіру тегін болды ғой. Студенттер сарайы аузы мұрнынан шыға толды, тіпті көп жұрт еденде отырып, тіпті түрегеп тұрып тамашалады. Яғни, елді кіргізгенмен пайда жоқ еді. Түрегеп тұрып көретін де жер аз болды. Одан артық не істейсің? Республика сарайы жөндеуде, ал бұдан үлкен орын жоқ Алматыда. Сондықтан көп жұрттың даладан қайтқанына – өздері кінәлі. «Бұрын барсаң, орын бар». Әрі жүрген-тұрған адамдардың көптігі – «Хабар» арнасының түсіру тобына кедергі келтіруі мүмкін болғандықтан да есік құлыпталған болуы әбден мүмкін.
Үшіншіден – Асылы Осман. Бұл кісі Инганың жазуынша, сыртта қалып қойыпты. Өзі айыпты. Кешігіп келген. Әйтпесе, айтыстың екінші жартысында төрде отырды емес пе? Тіпті оған айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман назар аударып, атын атап, орнынан тұрғызып, құрмет те көрсетті.
Төртіншіден – Қайрат Сатыбалды. Айтыстың негізгі ұйымдастырушысы шынында да осы кісі екен. Естуімізше, Қайрат мырза шынында да біраз ақынды умраға (кіші қажылық) апарып келген. Ну и что? Алла разы босын, мойындайықшы, сауапты іс қой. Мәскеу түбінен өзінен басқа ешкімге қайыры жоқ қала салғанмен салыстырғанда, меніңше, қазаққа әлдеқайда осы пайдалы. Қасиетті жерге ақындарды апарып келсе және сол ақындарға көрген-білгендерін елмен бөлісуге жағдай тудырып берсе, несі айып, айтыңызшы?
Бесіншіден – «ақындар биліктің жетегінде кетті». Мен Жандарбек Бұлғақов немесе Айбек Қалиев болсам, авторды сотқа берер едім :). Өзімнің ешкімнің жетегіндегі адам емес екенімді дәлелдеу үшін және бұл сөздің жала екендігі үшін. Ринат Зайытов тіпті Арабияда Қайрат Сатыбалдының жекеменшік жері бар екенін де айтқан жоқ па? Егер ақындар расында биліктің жетегінде болса, оншақты рет айтылған Мәсімов және оның атақты мұрты, сондай-ақ қазақ жерін мол қарпып жатқан мешкей Сергей Кулагин, айтыста елге дауыс көтерген әдепсіз министр Мұхтар Құл-Мұхаммед, патшаның қолын сүйген «хас жағымпаз» Әбіш Кекілбаев, парламентте ұйықтайтын Бекболат Тілеухан және оның сақалы, жер сілкініп жатса да, қамсыз отырған аю – Божко, қазақша әліпті таяқ деп білмесе де, «Жас Отанды» басқаратын «сайыпқыран» Нұрлан Өтешов тақырыптарын (есіме түскендерін ғана жазып отырмын) автор естімей қалса керек.
«Нұр Отанның» ақпараттық демеушісі, болмаса, Қайрат Сатыбалдының пиар-менеджері емеспін. Бұл – айтыс мінсіз, супер деңгейде өтті деген де сөз емес. Сынайық – Ринат Зайытовтың дайындықсыз келгенін, сынайық – Алтынбек пен Заманбек өлімдерін айту – ақындарға ел алдында бедел көтеретін құралға айналып бара жатқанын, сынайық – ақындардың Мекке мен Алматы халқының иман деңгейі әртүрлі екенін есептемей сөйлеуін, сынайық – ақындар алты сағаттан бері жағы талмай таухидті (Аллаға серік қоспау) түсіндіріп жатқанда, Жүрсін Ерманның әдейі істегендей Өмірзақ Сәрсеновке «қасиетті айтыс өнері әркез қолдап жүрсін сізді» деп лағуын, сынайық – ақындар көтерген біраз мәселенің – проблеманың себебімен емес, салдарымен күресуге бағытталғанын, сынайық – ақындардың «тарықпайық, қалықтайық, анықтайық, шалықтайық» сияқты өте арзан ұйқас қулайтынын, сынайық – бұл жолы «октябряттар орнына ақпақұлақтар келді ғой» немесе «белесебеттен құлаудай, беделден қулау бүгінде» сияқты (Б.Әшірбаев) тапқыр, әрі терең тіркестерді аз естігенімізді, сынайық – ақындардың публикаға ойнап, сасық қулық жасайтынын. Тізе берсең, жетеді.

Р.S. Ниетім – автор Инга Иманбай қарандасымның бетінен алып, ұрсу емес. Біздің басылымдардың біржақты жазатынына, елдің атынан сөйлеп, халыққа өз пікірлерін таңғысы келетініне қарным ашады. «Нұр Отан», үкімет сыналмауы керек демеймін, проблема – шаш-етектен, сынаңыз – былай жетеді. Бірақ «бәрі де салыстырмалы». Б.Тілеухан айтпақшы, Тасбай Симамбаев сияқты Петропавл атының өзгермеуін қолдайтын тасмаңдайлар тұрғанда, қазақ классигі Әбіш Кекілбаевтың «адам – қартайғанда бір балалығын» сөз қылудың несі ерлік? Сол сияқты қаптаған машкевичтер, митталдар, храпуновтар, әбіләзовтер, кимдер шетелден вилла салып жатқанда, Қайрат Сатыбалды айтыс өткізсе, айыпты ма? Күнде ондаған задорновтар, кашпировскийлер, пугачевалар шығып жатқан сахнаға бір күн өзіміздің ақындар шығып, кеше – ата-бабамыз, бүгін – сіз бен біз ұстанып отырған хақ Ислам діні ең алғаш таралған Мекке мен Мәдинәдан алған әсерлерімен бөліскенге жазғыра жөнелу – жөнсіз қылық емес пе?

P.P.S. Айтпақшы, осы айтысты 14-15 мамырда «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар. Жақсы телеарна жаман жарнаманы қажет етпейді, әрине. Режиссері – Қадыржан Құлманов. Редакторы – Ринат Қайыртайұлы :).

10 пікір (+add yours?)

  1. QWERTY
    Мам 10, 2011 @ 08:16:34

    Қазір өзі сол ғой, биліктің бір ісіне құптап, сәл ишара білдірсең болды, жағымпазсың,
    ал билікке өкпелі екеніңді көрсетіп, қабағыңды түйсең, неге жұдырығыңды түймейсің, жұдырығыңды түйсең, неге ашуланбадың, ашулансаң, неге стол тоқпақтамадың, стол тоқпақтасаң, неге орындық сындырмадың, … осылай кете береді…
    Қысқасы, билікке қатысты бір теріс ой айтсаң, Қаһарман жоқ сенен асқан. Батырсың. Ой дүниемізді төңкеріп кетті ғой, батыстық демократия, сөз бостандығы…

    Жауап беру

  2. ТҰСПАЛСӨЗ
    Мам 10, 2011 @ 10:35:33

    «Жас қазақтың» жаңа шыққан кезіндегі «свежий» нөмірін оқып отырғандай рахаттанып қалдық қой. 🙂
    Рас, бір кездерде (осыдан 2-3 жылбұрын) сынаған адам батыр, сынаған адам беделді, сын мақала өткір боп көрінетін. Қазір ол кезеңнің де дәурені өте бастады. Сын әділ болса ғана көкейге қонатынын мақала жазғыштар мен пікір жазғыштардың ұғынатын уақыты келді. Әсіресе, пікір жазғыштардың.

    Жауап беру

  3. urimtal
    Мам 10, 2011 @ 17:27:09

    «Хабардағы» айтысты көру керек болды ғой енді 🙂 Мың болғыр біреу соны ютюбқа салып қойса, қатып кетер еді.

    Жауап беру

  4. zhazular
    Мам 11, 2011 @ 03:31:48

    әп,бәлем,сауап болды! (айтысты сынағандарға)
    сосын, «сынайық» тізбектері ұнады. 🙂

    Жауап беру

  5. Өркен
    Мам 11, 2011 @ 05:49:09

    Сын шын болсын! Малдес, ол жерде Қайрат Сатыбалдыны өлеңіне қосып, мадақ қылып, ода айтқан ешкім болмаған шығар. Қанша жерден рия болмасын десек те, осыған қаншама қаржысын құйып, сауапты істің басында болған кісінің аты-жөнін айтса да, айыпты ма сонда? Бетін тұмшалап, паспортын тартып алып қояйық онда,

    Жауап беру

  6. Abilakim
    Мам 11, 2011 @ 08:42:27

    Бұл айтысты көру керек болды

    Жауап беру

  7. timurrr
    Мам 15, 2011 @ 11:36:42

    Бәрекелді! Осы ғой көкейде жүрген! Стан дегенге біркүні ыштанын шешіп бермесе болды. Әйтпесе, даттаудың да, мақтаудың да жөні бары анық! Рахмет! Бәсе деймін-ау, Асылы Османға орын жетпей қалса іштегі бүткіл қазақ сыртқа шығып кетуі керек пе еді? Осы оппозишн деген халық кеше сайлауда қоңыз теріп кетіп ед, енді арзаннан ұпай жинамақшы… Еххх… Болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дер!

    Жауап беру

  8. YERKEBULAN Tolkynov al-Karasazi
    Мам 16, 2011 @ 08:50:08

    ия, сізбен толықтай келісем…
    Қайрекеңдікі сауап іс. Шөл даладағы пақырдың аузына су тамызғандай болса да.
    Десе де өз пікірімді айтайын. Қазіргі айтыстан сән кетті. Оны мойындайық. Баяғы дала демократиясы жоқ. Рас ол біздің төл өнеріміз. Қазіргі айтысқа «Құлмамбеттен қалған құлынмын» деп талайды түн ұйқысынан айырған астарлы ойдың асқан шебері Оразалыдай айтыскерлер керек. Және айтысты саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Саясат деген өте лас нәрсе. Ал ұлттық өнеріміз мөлдір һәм тұнық күйінде келер ұрпағымызға жетуі керек!

    Жауап беру

Leave a reply to timurrr Жауап беруден бас тарту