Блогыма бас сұқпағалы жиырма күнге жуықтап қалыпты. Дәлірегі жаңа жазба жарияламағалы. Әйтпесе, күнде болмаса да, күнара уордпресшілер ауылына бас сұқпасам, әйелімнің хақысын бермегендей боп тұратыным рас енді.
«Жоғалып» кетуімнің де себебі бар (Кәмшат Әбілқызы сияқты тұрақты оқырмандарымнан кешірім сұрап жатқан сықпытым ғой). Әуелі бір аптадай Шымкент, Жетісай жақты сүзіп шықтым. Сосын Алматыға орала салып Жезқазған, Сәтбаев астым. Үйге келген бетім – бүгін.
Өткенде белгілі эстрада әншісі Ғани Мәтебаев 28 мамырда өткен Еуропа Чемпиондар Лигасының финалы жайлы «қашан жазасың?» деп сұрап қалды. Мәз боп қалдым. Ала доп жайлы шатпақтап жүргендерімді де оқитын пенде бар екен ғой деп. Ғани аға, сөйтіп, танауымды бір делдитіп тастадыңыз. Алла көңіліңізді көтерсін!
Ал финал жайлы жазу… енді кеш шығар. «Барса» жеңді, «МЮ» жеңілді. Бәрі әділетті. Өз басым, сэр Алекстің риза рәуіште қайтқанын қалап едім. Бұйрық болмады.
Жолаушылап жүріп, «Мінбердің» тренингіне де қатыса алмай қалдым. Әйтпесе, жолдама қалтада еді. Блогосфера жайлы білгім келгені көп-ақ-тұғын. Қайырлысы! Асхат аға Еркімбай мен Есенгүл әпке Кәпқызы аман болсын. Алла жазса, алдағы сабақтарда Асекеңмен тізе түйістіріп отырып дәріс алармын.
Жезқазғанда үш күн болдым. Бір жарым күн бару, бір жарым күн қайтумен үш күнді жолға шығындадық. Пойызбен селкілдеп. Қысқасы, алты күнгі намаз ремикс боп кетті.
Сәтбаев қаласының ар жағындағы Степное деген шахтада болдық. Каспий теңізінің деңгейінен 440-470 метр тереңдікке, жер астына түстік. Мұндайды кім көрген десеңізші. Шахта десе, бұрын көз алдыма шот, кетпен ұстап жүрген адамдар елестейтін. Жоқ, басқаша екен. Бәрі заманауи техникамен. Алланың құдыреті. Жер асты – кәдімгі бір қала сияқты. Жарты километрдей жер астында… автобуспен жүрдік. Оллахи, биллахи! Имандай шыным. Біз мінген көлік жүріп өткен соң, артыңа қарасаң, тас қараңғы, қорқынышты-ақ. Мүңкір-Нәңкір шыға келердей.
Кәдімгі үлкен лабиринт. Жер астында «Уазик», нән кен таситын жүк көліктері ыңыранып жүр. Сенбесеңіз, «Хабар» арнасынан көріңіз. Тек жұмысшылардың жалақысы… аянышты-ақ. 62 мың мен 80 мыңның арасында. Бір сағаттың ішінде-ақ біз шахтадан қашып шықтық. Күні бойы ана шаң мен түнекте жұмыс істеудің азабын айтсаңызшы. Тап-таза жерде, камераның алдында былшылдап сөйлеп қайтуды да біз жұмыс деп жүр екенбіз-ау! «Шаршап келдім, шай қой тез» деп міндетситінімізді айтсаңызшы. Құдайым, Шеберсің-ау!
Зауыттағылардың хәлі де жетісіп тұрған жоқ. Мыс ерітетін цехта біздің телеоператор – Ағабек Қазанбайдың камерасы «қуып» кетті. Соңғы үлгідегі техника – камера шыдамай, күйіп кете жаздап тұрған, радиациясы сұмдық бұл цехтың ортасында қазақтар… шәй ішіп отыр. Күйдім-ау, күйдім-ау!
Жалпы, менің түсінгенім, Жезқазған, Сәтбаев атырабының бәрі «Қазақмыстікі» екен. Ал «Қазақмыстың» кімдікі екенін өзіңіз біліп алыңыз.
Жарайды, көп мыжымай-ақ қояйын. Мүмкіндік болып жатса, осы сапарымды толықтырып жазып, шахтадағы фотоларды жариялаймын. Суреттер соткамда еді. Ал соткамның комппен байланысатын шнурын жоғалтыппын. Сорри!
Жоғалып кеткенім үшін оқырмандарымнан кешірім сұраймын. Ендігәрі қайталамаймын 🙂
Кешірім сұраймын!
11 Мау 2011 4 пікір
in Uncategorized Кілтсөздері:Асхат Еркімбай, Ағабек қазанбай, Есенгүл Кәпқызы, Жазқазған қаласы, Жетісай қаласы, Манчестер бнайтед, Мінбер, Сәтбаев қаласы, Уазик, Хабар Барселона, Шымкент қаласы, автобус, камера, оператор, радиация, сэр Алекс Фергюсон, тренинг, шахта, шахтер, шәй, Ғани Мәтебаев
Мау 12, 2011 @ 04:42:54
Біздің жақта кейбір шахтерлер жұмысқа кетерде отбасымен бақұлдасып кететіні бар. Шахтаға кірген адамның ол жақтан аман-сау шығуы белгісіз. «Хабардан» қашан көрсетесіздер?
Мау 12, 2011 @ 08:33:00
Азірге тошна белгісіз Асеке, қосымша хабарлармын.
Мау 13, 2011 @ 13:49:26
Жазу стиліңіз өзгергенбе қалай өзі?!
Мау 22, 2011 @ 04:00:15
Өмірі «Хабар» көрмейтін басым, сенің мына жазбаңнан кейін амал жоқ телміретін болдық қой 🙂 Жақсы жазыпсың!