Моуриньо vs Гвардьола

Cонымен, бүгін – футбол. 2010-11 футбол маусымының ең қызықты матчтарының бірі болу тиіс. «Реал» мен «Барселона». Чемпиондар лигасының жартылай финалы.

Сонымен, бүгін бүкіл әлем Мадридке қарап құлақ түреді. Есі тұрыс ТД біткеннің бәрі тікелей трансляция жасайды. Мыңдаған спорт комментаторлары таңдайлары тақылдап жұмыс жасайды. Миллиондаған адам түн ұйқысын төрт бөліп тд-ға телміреді. «Сантьяго Бернабеуге» 75 мыңнан астам жанкүйер жиналады. Ірі футбол абыздары вип-ложаларға жайғасып, сигара тартып отырып, Моуриньо мен Гвардьоланың футбол философиясын талқылайды. Спорт басылымдарының тілшілері фотографтарын жетелеп, Месси-Роналду текетіресін бақылайды. Букмекерлер ақша тігіп, болжамының дәл келуін тілейді. Қысқасы, масқара матч! Ал алаңда 22 миллионер доп тебеді 🙂 Бізге не пайда деймін да 😦

Ойын жайлы ертең жазармын, Алла қаласа. Сәуегейлік жасамай-ақ қояйын. Дегенмен, маған қос бапкердің мачқа қандай тактика таңдайтыны қызық. Жозе өткендегідей жеті қорғаушымен ойнай ма, жоқ әлде күтпеген жерден шабуылшысы көп құрам шығара ма? Пеп ше? Ертеңге дейін қос бапкердің қызықты фотоларымен «сусындай» тұрыңдар. 🙂

Рекэтир + Адасқан = Ликвидатор

Біз киносыншы, болмаса, кинотанушы емеспіз. Бірақ, менің білуімде, кино – кинотанушыларға немесе киносыншыларға ғана арнап түсірілмейді. Менің бұл пікіріммен кинорежиссерлер келіспеуі де мүмкін. Іштері біледі. Әйткенмен, «іште пікір өлгенше» деп атам қазақ тегіннен тегін айтпаған болса керек деп ойлауға толық негіз бар деп айтуға рұқсат ететін шығарсыздар деген үмітім де жоқ емес болатын-тұғын :).
Ақан Сатаевтың «Ликвидаторы» жайлы блогшы қауым бұрқылдатып жазып жатыр. Біздікі – «аттан қалма байталым». Көп мыжымай-ақ қояйын, фильм жайлы менің көрермендік пікірім төмендегідей.

Сценарий – қарапайым ғана. Ауыз аштырып, көз жұмдыратын ештеңе жоқ. Голливуд бұдан он – он бес жыл бұрын басып өткен тақырып. Ауылда масаға таланатып отырып көрген, ағасының кегін қайтармақ болып қан сорпа болатын Ван Даммдарды өз басым әлі ұмыта қойғам жоқ. Жанр жағы келмейді демесеңіз, «Ликвидаторды» «Адасқан» сияқты деміңді ішке жұтып отырып көре алмайсың. Финал- қандай екені әу бастан-ақ белгілі болып тұрады. Ауа жайылып, Винни Джонсты біраз уақыт жоғалтып алатын кездер де кездеседі. Яғни, параллель бұрымдалып келген сюжеттік желінің бір ұшы өрусіз қалып қойған ба, қалай? Сондықтан Тимур Жақсылықов өз деңгейінен сәл төмендеу жұмыс істеген сияқты. Фильм философиясы «Бір адам үшін осынша қантөгіс қажет пе еді? Кек деген жаман нәрсе» деген қазықты айыналып шабатын сияқты.
Әрине, кейіпкерлер арасындағы диалогтардың кейбірі (ешқандай қызыл сөзсіз айтып отырмын) тәнті етеді. Тіпті сол екеуара әңгіме (Бейшенәлиев пен Айтжанов арасындағы) бүкіл картинаның шырмауын жазып тұр деуге болатын да шығар. Әрине, өзің білгеннен кейін білгеніңмен бөлісу керек. Бәлкім, ол міндет болып та қалатын шығар. Бүкіл киноғұмырын ужастиктерге немесе катастрофалық картианаларға арнаған режиссерлер-сценаристерді тізіп шығуға болады. Айтпағамыз, мистикаға «Сатайфильм» қайта соғып отыр. Өзін өзі қайталады демей-ақ қояйын, бірақ профи-реж үшін қажетсіз қадам.

Режиссура – Ақан Сатаев – талант. Мойындамай қайда барасыз. Бірақ бұл фильмнің әуелгі «Рекэтир» сияқты коммерциялық салмағы басымдау болған тәрізді. Секунд санап ауысып жататын кадрларға, жасөспірмдерге қызық болуы тиіс бейнеклиптікіне ұқсас эффектілерге қарап, осыны болжаймыз. Әрине, Сатаевтың Тарантино сияқты түйеден түскендей қадамдарға баруға жүрегі дауаламайды. Опера театрындағы өлім сценасына да қорқақтап барса, ғажап емес. Әрі фильмде «Адасқандағы» сияқты Ислам құндылықтарына құрмет байқалады. Сондықтан, «Ликвидатор» «Рекэтир» мен «Адасқанның» қосындысынан немесе шағылысынан шыққан нәтиже сияқты әсер қалдырады.

Ұйымдастыру жұмыстары. Сатаев үшін Алматыдағы әл-Фараби даңғылын бір сағатқа жауып берген Есімов әкімшілігіне зачет. Оған опера театрындағы массовканы қосыңыз. Сүліктей «Мерстің» құйрығына қара «БМВ» былш ете қалады. Түсірілімдердің тікұшақ арқылы жүретін жері бар. Қысқасы – фильм шығыны 2 млн. доллар.

Актерлер – сәтті таңдалған деп айта алмаймын. Басты рөлдегі Берік Айтжановқа «Махамбет» кезінде көңіліміз толмаған-ды. Мына рөл де оң жамбасына… әй қайдам. Қыздар Берікті тартымды жігіт дейді. Рас шығар. Бірақ ол тартымдылығы аздық етіп тұр. Көзі мөлдіреп, «менен қатыгез кісіөлтіруші шықпайды» деп актерді сатып тұр. Яғни, көзі қанға толған қатыгез кісі өлтіргіштің бейнесін бере алмайды. Рас, «кектен көзі соқыр болған, қос шайтанның арбауы» деп ақтап алуға болады. Бірақ әлжуаз ақтау… Бас кейіпкерді ойнауға біздіңше Әзиз Бейшенәлиев лайық еді. Қырғыз актері мұнда кнбышник болып жүр. Жағымды кейіпкер. Бірақ Әзиз – негатив рөлдерді ойнауға шебер. «Афалинаның секірісіндегі» сияқты. Көзінде қатыгездіктің, жартқыштықтың «симптомдары» бар. Мұстафа Шоқайдың сәтсіз шыққаныны да – осы себеп. Сондықтан, Айтжанов-Бейшенәлиев дуэтін теріс айналдырып пайдалану керек пе еді… Ал мұхит кешіп келген Винни Джонс кейіпкері түк те ашылмаған. Жүрген бір мылқау кісі өлтіргіш, әйтеуір. Қарлығаш Мұхамеджанованың үйіне келіп, диванға отырып кету үшін келген сияқты :).
Айтпақшы, Сатаевтың біздің құқық қорғаушыларды позитив суреттеуге тырысқаны байқалады. Ол да керек шығар. Айтпақшы, бас кейіпкер – Арсен тірі қалады. Титр жазылған барабан айналып біткенше күтсеңіз, көресіз. Яғни, картинаның жалғасы түсірілуі мүмкін.

P.S. Ақан Сатаев енді тарихи «Мың бала» фильмін түсіруді бастайды. Ермек Аманшаев Елбасыға «20 жылдық мерейтойға дейін дайын қыламын» уәде еткенін естіген жұрт айтып жүр. Басты рөлдерде: Досхан Жолжақсынов (Төле би), Болат Әбділманов (Бөгембай батыр) Берік Айтжанов (Әбілхайыр хан).

Өзіме жарнама

Жоғарғы сыныптарда оқып жүрген кезімнен-ақ қазит-жұрналдарға шатпақтарым шығып келе жатқанмен, мұның жөні бір бөлек екен. Осы айдың басында «Жұлдыздар отбасы» журналына сұхбатым шықты. Қанша қашқақтағаныммен (өтірік қарапайымсып тұрғам жоқ е :)) Қарлығаш есімді қыз қуалап жүріп інтербиу алған. Осыдан 2 ай бұрын. Сол өткенде шығыпты. Ол шыққанша «Таразы» Астанаға көшті. Так что, «таразылықтар» ренжіп қалмасын… Сосын блогым жаңармағалы бірқыдыру уақыт өтіпті (Қызылорда, Шымкент қалаларына қыдырып қайтқам). Қысқасы, мынау сол сұқпаттың сұры.

– Ерлан, сізді көпшілік көрермен «Хабар» арнасындағы «Таразы» бағдарламасының жүргізушісі ретінде тани бастады. Осы бағдарламаны эфирге шығарушы журналистердің бірі ретінде «Таразының» өзге бағдарламалардан ерекшелігі неде деп санайсыз?
– Бұл сұрақты “Таразыны” қалдырмай қарап жүретін, жай қарап қана қоймай, өзге телеарналардағы басқа бағдарламалармен салыстыра отыратын көзі қарақты көрермендерге қойған дұрыс шығар. «Таразы» бағдарламасы ашылғалы бірнеше жылдың жүзі болды ғой. “Қазақ тележурналистикасында төңкеріс жасаған сұмдық-сойқан бағдарлама” дей алмаймын. Дегенмен, көрермендер жазған хаттарға, ауыл-аймаққа іссапарға барғандағы түсіру тобына деген ықылас, ниетке қарап, “көрерменін тапқан жоба шығар” деп үміттенемін.
Біздің бағдарламаның қатып қалған қағидасы жоқ. Кез-келген тақырыпта, кез-келген жерден сюжеттер дайындаймыз. Біз талқыламайтын тақырып жоқ. Саясат, экономика, мәдениет, руханият, спорт, әлеуметтік мәселелер… Балабақшадан – Ақордаға дейін. Елдегі қандай ауқымдағы болса да оқиғадан сырт қалмауға тырысамыз. Көрермен тарапынан бағдарламаға ұсыныс болса, қуанамыз. Жалпы ауылдағы қарапайым көрерменнің белсенді болғанын қалар едім. “Хабар” болсын, “Қазақстан” болсын мемлекеттің қаржысы арқасында өмір сүріп отыр ғой. Ал мемлекеттің қамбасы қарапайым адамдардың салық төлеген ақшасымен толады. Ендеше, басқа ракурстан қарайтын болсақ, мемлекеттік телеарналардың журналистерін асырап отырған, жалақы төлеп отырған – көрермендер. Демек, көрермендер не көргісі келеді, соны талап етуге, сұрауға құқылы.
– “Хабарға” келгенге дейін газетте тілші болдыңыз. Жалпы журналист ретінде жаныңызға қайсысы жақын: баспасөз бе, әлде телеарна ма?
– Бөле-жара қарағым келмейді. Екеуінде де бір жұмыс. Құрылысшы мен дәрігердікі сияқты айырмашылық жоқ қой. Рас, оқушы кезде аудандық газеттерге шатпақтап тұрдым, университетте мерзімді баспасөз кафедрасында оқыдым, журналистикаға ең алдымен газет арқылы қадам бастым. Дегенмен, телеарнаны да аса көп жатырқай қойған жоқпын. Бастысы – газетте жүргенде сауатты сөйлем құрауды үйрендім ғой. Ал бастауыш қайда, баяндауыш не екенін түсінетін журналист фотожурналистика болса да қинала қоймайтын шығар.
– «Жас қазақ» газетінде қызмет атқарып жүргеніңізде көбіне мәдениет саласына қатысты материалдар дайындап жүрдіңіз. Өз бағалауыңызша, қоғамға әсері тиетін мақалалар жаза алдыңыз ба?
– Бірдеңе жазып, қарқылдатқаным шамалы. Сол уақыт үшін ғана маңызды, жыл айналмай құнын жоғалтатын материалдар. Әліме қарамай, жаңа фильмдер, спектакльдер, концерттерді сынап, талдауға тырысып жүретінмін. Бәрі де өткінші тақырыптар. Сондықтан, жазғанымнан жазатыным көп шығар деп үміттенемін.
Сосын өзімді орта көрген журналист санаймын. Себебі, 2005 жылы жазда бірінші курсты тәмамдап, өндірістік тәжірибеден өтуге “Жас қазақ” газетіне келгенімде, кіл “сен тұр, мен атайын” журналистердің орасына түстім. Талғат Ешенұлы, Сәкен Сыбанбай, Жанарбек Әшімжан, Әмірхан Балқыбек, Есей Жеңісұлы, Еренғайып Қуатайұлы, Дәурен Қуат, Қасым Аманжолұлы, Гүлзат Нұрмолдақызы – қай-қайсысы болсын үйретуден жалықпайтын, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Әрі сол кездегі редакцияның ішкі ауа-райы да ғажап-тұғын. Редакцияда әріптестер емес, бауырлар, бір үйдің балалары жүргендей әсер болушы еді. Сәкен, Есей ағалар жазғанымыздың әрбір үтір, нүктесіне дейін шұқшиып қарап, қып-қызыл қып түзетіп, шатпағымызды қайтарып беретін. Сол “Жас қазақ” – маған үлкен мектеп болды. Екінші курста да осы газетте тәжірибеден өттім. Сосын үміт күтсе керек, бас редактор Талғат аға жұмысқа алды.. Аға буын журналистер айтып жатады ғой, “мен Шер-ағаңның шекпенінен шыққанмын”, “Марат Қабанбай мектебінің түлегімін” деген сияқты. Сол сияқты мен де мақтана айта алам, мен – “Жас қазақ” мектебінің түлегімін.
Ал 2009 жылы “Хабарға” келгенде де жолым болды деп айта алам. Серік Абас-шах, Арман Сқабылұлы, Болатбек Қожан, Шоқан Шөжеев, Ринат Думанұлы сынды нағыз кәсіби тележурналистердің ортасына түстім. Осы ағалар да мол тәжірибелерімен бөлісті, үйретті, сенім артты.
– Ал қазір еліміздегі басты арналардың бірінің журналисі ретінде қоғамға қандай үн қоспақ мақсатыңыз бар?
– “Мынау менің мақсатым, былай үн қосам” деп жабысып қалған ештеңем жоқ. Біздің үніміз – “Таразы”, “Арнайы репортаж” бағдарламаларында жасаған сюжеттеріміз. Шамамыз жеткенше мемлекетте қордаланып қалған проблемаларды көрсеткіміз, шешу жолдарын ұсынғымыз келеді. Қолымыздан қаншалықты кеп жатқанын білмеймін, бірақ, әйтеуір, тырбаңдап жатырмыз. Журналист – біреудің мәселесін шешіп беретін сот немесе құзыретті орган емес қой. Біз айтамыз, ақ пен қараны таразыға тартып көрсетіміз – міндетіміз сол ғана. Шайнап берген ас болмайды ғой. Керегін көрермен өзі айырып алады.
– «Таразы» бағдарламасын сізге дейін жүргізген Ринат Думанұлымен, Қуат Ахметжановпен сізді салыстыра айтылған сын-пікірлерді естіп жатқан шығарсыз?
– Әзірге ести қойған жоқпын. Әрі өзімді ол жігіттермен салыстырғым да келмейді және үшеуміз бір-бірімізбен салыстыруға да келмейміз. Сосын “Таразы” – менің тележүргізушілік қызметімнің басы ғана шығар деп ойлаймын. Құдай қуат берсе, өзімнің авторлық бағдарламамды да жарыққа шығарып қалармын. Сосын “Таразыдан” бөлек, қазір “Айбын” әскери-патриоттық бағдарламасын маған сеніп тапсырып жатыр. Белгілі журналист Шоқан Шөжеев биік деңгейге көтерген осы бағдарламаның екінші тынысын ашу маған жүктеліп отыр. Сондай-ақ “Хабар” агенттігі бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлының жетекшілігімен “Әңгіменің ашығы” атты сараптамалық-публицистикалық жаңа бағдарлама жарыққа шығарып жатырмыз.
– Сізді журналистикаға қызықтырған не нәрсе?
– “Дәл мына нәрсе мені журналистикаға жетелеп келді” деп кесіп-пішіп айта алмаймын. “Журналист болам” деп терезеге қарап қиялдап отырған кезімді есіме түсіре алмай отырмын. Мен оқушы кезде ағам “Жас Алаш” газетінде жұмыс істейтін. Кім біледі, бәлкім, сол ағама ұқсағым келген шығар?

Алгебра мен химия – кірмеді менің миыма
– Қай өңірдің қазағы боласыз?
– Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жолдыбай Нұрлыбаев ауылдық округіндегі қазіргі Ынталы деген ауылда туып-өстім. Атам Әбдіғаппар Сыбанбаевтың шаңырағынан он бала өсіп-өнген. Аллаға шүкір, үлкен әулетпіз. Әжеміздің аты – Ұлтай. Батыр Ана. Ал әкем Әбдір сол он ағайындының ең үлкені. Әбдірден үшеуміз. Әпкем, қарындасым бар. Шешемнің аты Жұмагүл.
Ауданындағы ең бір іргелі орта мектептердің бірі саналатын Ыбырай Алтынсарин атындағы № 91 мектепті тәмамдадым. 2004 жылы Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Бакалаврды тәмамдаған соң көштен қалмайын деп магистратураға құжат тапсырып, өзге түгілі өзім де ойламаған жерден оқуға түсіп кеттім. Бірақ бір жылдан соң тастап кеттім.
– Неге?
– Сол баяғы оқытушылар, сол баяғы әңгіме, сол баяғы лекция… Қысқасы, жалығып кеттім.
– Журналистика факультетінен болашақ кәсібіңізді оқып қана қоймай, өмірлік жұбайыңызды да кезіктірдіңіз емес пе?
– Иә, рас. Жолдасым да ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.
– Жұбайыңыз Лаура талай байқауларда топ жарған өнерлі арулардың бірі емес пе, көңілін табу қиынға соқпады ма?
– Бұл енді ешкімге қызық емес шығар. Менің әйелім – менің жеке меншігім.
– Кішкентай сәбилеріңіз күн өткен сайын түрлі қылықтарымен қуантып келе жатқан болар?
– Әрине. Бұл да өмірдің бір қызығы.
– Ал өзіңіздің бала күніңізден қандай естеліктер ойыңызға оралады?
– Сиыр бағатынбыз. Күнде кешке алаөкпе футбол. Мектепте артылып көзге түскен озат оқушы бола қойғам жоқ. Бірақ үлгерімім соншалық сорлы болды деп те айта алмаймын. Өзіме ұнамайтын алгебра, химия сияқты пәндерден қашып жүретінмін. Сабаққа мектеп формасын келмей келгенім үшін сынып жетекшісінен талай ұрыс естігенмін. Жалпы мұғалімдерге сүйкімсіз, қырсық оқушы болдым.
– Сөзіңізге қарағанда, директордың алдына талай барған сияқтысыз ғой?
– Көп болмаса да, жолымыз түсіп тұратын. Бірақ 10-11 сыныпта оқып жүргенде аудандық газеттерге, тіпті бір-екі рет әйгілі “Жас Алаш” газетінде шимай-шатпағым, мектепте ұйымдастырылған шаралар туралы ұсақ-түйек ақпараттарым жарық көре бастады. Бәлкім содан ба екен, мектеп директорымен арамыздан ала мысық көрген емеспін.
– Қазір ше? Қырсықтығыңыздың пайдасы тиіп жатыр ма, әлде зияны ма?
– Студент кезде оқытушылардың біріне “Емтиханда ақша алмаймын дегеніңіз – өтірікшінің сөз емес пе?” деп айтып салып, сессия кезінде біраз сенделгенім бар. Пән ұнамаған соң, курстық жұмыс жазбай, емтиханнан да қуылғанмын. Мұны енді қазіргі студенттерге үлгі ретінде ұсына алмаймын. Бірақ өз принципіне адал адамдарды құрметтеймін.
Ал нашар мінезден пайда бар дегенді естіген емеспін. Мұсылманның көркі, байлығы – көркем мінез, сабыр.
– Журфак пен филфактың студенттері шетінен ақын болушы еді, сіздің де поэзияға жақындығыңыз бар болар?
– Өлең жазатын қабілетім жоқ. Бірақ жатақханада төрт жыл Мұрат Есжан деген ақынмен бірге тұрдым.
– Адамның жасы ұлғайған сайын жанындағы достары азая түседі деп жатады, ал сіздің қазіргі күні достарыңыз көп пе?
– Жас ұлғайғанда енді… жағым түсіп қартайып тұрғаным жоқ. Бірақ жас болып, жайқалып тұрғаным да шамалы. Жаныма жақын достарым, Құдайға шүкір, жоқ емес. Бәрі дерлік журналистиканың маңында жүрген жігіттер.
– Журфактың әйгілі бесінші жатақханасында студенттік өміріңізді өткіздіңіз. Сол бір естен кетпес студенттік жылдардың естеліктерімен бөліссеңіз…
– 411-і бөлмеде тұрдым. Өмірі күн түспейтін. Ұйқы шақырып тұратын бөлме еді. Төртінші курста оқып жүргенде таңғы сағат бесте бірінші курстың қыздарына мәнті пісірткенбіз. Оны пісіретін мәнтіқазан іздеп, бүкіл бөлмелердегі студенттерді оятып шыққанбыз. Тамағымыз піскен соң оны жайланып отырып, асықпай сегізге дейін жеп, біз ұйықтадық та, байғұс қыздар көздері қызарып лекцияға кетті.

Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА,
karsha88@mail.ru

«Интер» неге жеңілді?

Футбол деген түк пайдасы жоқ нәрсені жақсы көремін (жалпы футболды жақсы көрмейтін еркек кіндікті жоқ шығар, доптың домалақ екенін еміс-еміс білетін Өркен Кенжебек сияқтылар болмаса). Рас қой, түнгі бір жарымға дейін сарылып күтіп, үш жарымға дейін көріп, төртте ұйықтаймыз да, таңертең Арман ағаның (Сқабылұлы) жиналысына келе алмай, салбырап жүреміз, көзіміз көнектей боп!
Жанкүйерлік өтілім (стажым) 13 жыл. Сонааау 1998 жылы Францияда өткен Әлем чемпионатынан бері бұтбол десе, ішетін асымды теледидардың алдына әкеп алам. Ең алғаш көрген матчым Италия-Чили еді. Ойынның соңғы минуттарының бірінде Роберто Баджо пенальтиден есепті теңестірді де (2-2) ойын аяқталды. Содан бері “форца, Италия! Грандиссимо Баджо!”. Осы әлем чемпионатынан кейін сүйікті ағам Роберто Миланның “Интер”клубына ауысты да, “Сан-Сироның”(Миландағы стадион ғой) билетсіз көрермені боп шыға келдім. Яғни, 1998 жылдан бері мені “Интернационаленің” жанкүйері деп есептеуге толық негіз бар деп айтуға әбден болатын шығар деп ойлаймын. 🙂 Комментатор Асхат Сағынаевшалап кеттім бе, қалай? “Мұның бәрін бізге неге мыжып айтып отыр?” деп ойлап отырсаңыз, кеше түнде сол “Интерім” оңбай ұтылды. Сөйтіп, түнгі үште қаным басыма теппесі бар ма? Ойынды Украина каналынан көргем, комментатордың айтып жатқандарын түк ұққам жоқ. Сосын жатып алып, ойландым. “Интер” неге жеңілді? Кімнің кінәсі? Менің жастығымды жастап алған келіншегіме ажырая қараймын. О баяғұстікі алаңсыз ұйқы. Ұрысатын адам таппай қиналдым-ей! Тааак ондаааа…

МИЛАН – ИНТЕР – 3:0

1. Меніңше, “Интердің” бас бапкері Леонардо тактикалық қателіктер жіберді.

Басқаша айтқанда, әріптесі Массимилиано Аллегри мұндай құрам шығарады деп күтпеді. “Интер”, ең бірінші, алаң ортасында жеңілді. “Интердің” “миы” – Снейдер темір аяқ, жүн табан Гаттузодан аса алмай-ақ қойды. Сосын ол “Бавариямен” кездесудегідей сол жаққа ойысып та ойнады. Одан да түк шыққан жоқ. Абате қия бастырмады. Ал әдеттегідей тым сылбыр Пандевті Боатенг тіпті босатқан жоқ. ЭтоО әр жерден бір шаң бергенмен, аяқ сындырудың маманы Ван Боммельден қашып құтыла алмады. Ал Пацциниді Неста мен Тьяго Сильва жеп қойды. Шабулшы 63 минут бойы түк бітірмеді деп айтсақ та болады. Есте қалғаны – бір рет қана әлгі екеуінен сытылып өтіп, сол аяғымен бесінші сыныпта оқитын баланың соққысын жасады. Қысқасы, Леонардо шәкірттерінің бәрі дерлік допқа жекелей талас кезінде жеңіліп жатты. Есесіне, жарақатынан әлі айықпаған Пирлоны жоқтатпай жүрген қара тәнді ақсақал Зеедорф еркін ойнауға мұмкіндік алды да, Пато мен Робиньоны доппен қатамасыз етіп отырды.

2. “Интер” сауатсыз қорғанды.
Снейдерді допсыз қалдырған соң, елдің бәрін таң қалдырып, Гаттузо да шабуылға жиі араласты. Әлде Аллегри тапсырмасы солай болды. Әйтеуір, бұл жағдай “Интердің” екі тірек қорғаушысын (опорник) әбден састырды. Себебі, бұл екеуі – Камбьяссо мен Мотта өздерінің қорғаушылары Майкон мен Дзанеттидің “артын жабумен” айналысты. Әсіресе құйынперен боп ойнаған Абате қарт Дзанеттидің тілін салақтатты.
Оған болысам деп Камбьяссо солға ойысқанда, орта тұс ашық қалды да, ортада ойнап әдеттенбеген Кивудың сілесі қатты. Бұл да Леоның стратегиясы нашар жасалғанының белгісі еді. Себебі, көбіне “волнорез” жұдырықтың рөлін атқаратын 38 жасар шал Дзанетти қаптал қорғаушысы болып ойнаған кездерін ұмытқан сияқты. Әрі уақыт шіркін дегенін алмай тұрмайды екен.

3. “Интердің” жеңілісіне негізінен осы Дзанеттидің сол қапталға қою себеп болған сияқты.
Әрине, бұл қадамды Леонардо іші пысқан соң жасаған жоқ. Негізгі орталық қорғаушылар – Лусиу мен Самуэль жарақаттанған соң, Раноккьямен шеп құратын біреу керек болды. Ол орынға Лео әйгілі Жозе дәуірінен бері сол қаптал қорғаушысы болып келе жатқаг Кристиан Кивуды лайық көріпті. Миланның” үш голы да орталық қорғаушылардың кінәсінен соғылды. Яғни, бапкер қате таңдау жасады деген сөз. Ал есеп 2-0 болған кезде Аллегри схеманы өзгертті де, Гаттузоны алаңнан алып тастап, Фламиниді жіберді. Бұл – “жұдырық” Ван Боммельге енді Боатенг болысып ойнайды дегенді аңғартты және солай болды. Енді “Милан” төртеу орнына алты қорғаушымен ойнағандай әсер қалдырды да, “Интердің” саудасы бітті. 84 Минутта оларға Эмануэльсон қосылған соң, тіпті алаң тарылып, шабуыл жасайтын бос орын қалған жоқ.

4. Қос қаптал. Шабуыл.

Майкон шау тартқан Дзамброттаны қыспаққа алуы керек-ті. Керісінше, Джанлука бұл теке-тіресте басып түсіп жатты. Ал Дзанетти Абатемен бас қайғы боп кетті. Әрі 54 минутта Киву “өртеніп” кеткен соң Лео шабуылшы Пандев орнына қорғаушы Кордобаны шығару керек болды. Себебі, реактивті Пато мен Робиньоға қарсы қорғаныстың ортасында қанша жерден мықты болғанмен, бір Раноккьямен ойнау – ақымақтық болар еді. Ал Станковичтің не үшін шыққанын өзі де білмейтін шығар. Екі доп айырмасымен ұтылып жатқанда қорғанысқа көбірек көңіл бөлетін жартылай қорғаушы неге керек? Әлде бапкердің “ва банкқа” жүрегі дауаламады. Әйтеуір, оның бұл матчқа таңдаған футбол философиясы түсініксіз болды. Пацциниді алмастырған Милито болса, былтырғы Милитоның көлеңкесіне де татымайды.

Тақырыпты өзгертіп, “Леонардо неге жеңілді?” деп қойсақ та болатын сияқты. Нәтижеде “Интер” чемпиондық атақтан алыстап кетті 😦

«Соңғы оқыған романым – «Абай жолы»

Мына бейшараның журналистика мен футболдан басқа жазатыны жоқ екен деп қалмаңыздар. Бірақ ауылдағы братандарша айтсақ, амал который!

Өзім 8-9 сыныптардан бастап журналист болуды, КазГУ-дың журфагына түсуді армандап, ақыры сол факультетте 4 жыл темір етіктен тебендей қалғанша тозып жүріп бітіріп шыққан соң, журналист мамандығы (ұғымы) маған аса қадірлі (пафос айтты деп сөге беріңіздер). «Жетелі елдің жетекші арнасында» (жарнамадағы сөз ғой) жұмыс істеймін ғой.  Тәжірибеден өтуге, стажировкаға студенттер көп келеді. Сөйлесемін, бірге асханға барып шәй ішемін, ақырында не оқып жатқанын сұраймын. Бір журналист ағамыздың жұмыс іздеп келген журналистен соңғы оқыған он романының тізімін сұрайтынын естіген едім. Сол кісі сияқты (он роман болмаса да) соңғы оқыған романын сұраймын. Ең көп еститін жауабым – «ең кейінгі оқыған романым – Абай жолы». Тура сол томардай «Абай жолымен» басына қойып қалғым келеді. Құдай-ау, «Абай жолы» оныншы класта оқылатын дүние ғой! Қайталап оқып жатсаң, бір сәрі!  3-4 курста оқитын студент «Абай жолын» енді оқып жатса, жетіскен екенбіз-ей!..

«Ештеңе оқымай-ақ журналист болуға болады, жүр ғой анау да!» Студенттер солай ойлайтын сияқты. Басқасын білмеген соң, сүйікті ақынын сұрасаң, Мұғағалиды, жазушысын сұрасаң Әуезовты айта салатын тележүргізуші һәм әншіден үлгі ала ма, білмеймін.

Құдай біледі деп айтайын, мұндай сорлы журналистика Қазақстанда бұрын-соңды болмаған шығар. Пыжалыста, «соңғы оқыған романым – «Абай жолы» деп айтпаңдаршы, 3-4 курс студенттері! Менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын.

 

Досмұхамедов және қазақы понт

Мәжіліске барған министр Досмұхамедов ешкімнің қиялына келмейтін ой айтыпты. Темірхан көкемнің көксегені – қазақ футболын Азияға оралту екен. Ал керек болса!

Қазақстан футбол федерациясын 2002 жылы  УЕФА-ға (Еуропа футбол қауымдастығы) өткізген әйгілі Рахат Әлиев болатын. Осы ісі үшін алғыс айту керек шығар (ешкім естіп қоймасын тағы). Ал Досмұхамедов болса, Азияға оралсақ, ғажап боларына кәміл сенетін сияқты. Министрдің ұсынысын белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы қос қолдап қуаттапты (баспасөзден оқыдық). Ал меніңше, Азия футбол одағына оралу – ақымақтық. Неге?

Біріншіден –  Азия футболы Еуропа футболына қарағанда көш кейін. Бұған дәлел іздеп жатудың қажеті жоқ шығар. Сондықтан, футболы әлі даму үстіндегі «аймаққа» қайтқаннан тек ұтыламыз. «Мерседестен» түсіп, «Москвичке» мінген сияқты. Иә, рас, біз қазір Еуропа алаңдарында тек масқара боп ұтылып жүрміз. Мейлі, есесіне, Германия, Англия сияқты футбол державаларымен кездесулер – үлкен сабақ, тәжірибе. Ал Азияда қалай болар еді? Әрі кетсе Жапнония, Қатармен ойнайсыз. Немесе Кореямен. Кәрістер қайда, немістер қайда? Тек қазіргі ащы жеңілістердің пайдалы жақтарын үйрене жүру керек. Футболы озық елдердің жеңіске жеткізетін тактикаларын, жаттығу ерекшеліктерін, доппен жұмыс істеу өнерін үйрене жүру керек. Ол үшін ұлттық құрамада орыстың өнерін үйренгісі келген Абай сияқты, от қарулы болғысы келген Ораз-Мұхаммед сияқты қазақ жігіттері көп болса, шіркін!  Сосын… Өзбекстан сияқты елдер УЕФА-да болуды армандайдыі. Бәс тіге аламын.

Екіншіден – Несіп ағамыздың айтуынша, УЕФА-ға өту қазақ футболын 100-150 жылға кейін шегеріп тастапты. Неге, Құдай-ау? Себебі, «доп тебетін елдердің ұлы мақсаты әлем чемпионатына бару» дейді Жүнісбайұлы. Рас, Азияда болсақ, әлем біріншілігіне бару мүмкіндігі артады.  Бірақ әлем чемпионатына Азиядан барып жатқандардың ахуалы қалай? 2002 жылы өз жерінде жарылай финалға жеткен кәрістерден басқа кім бар, жүлдеге іліккен? Оның өзіне төрешелердің көп көмегі тиді. (1/8 финалдағы Италиямен, 1/4 финалдағы Испаниямен ойынды өз басым әлі ұмытқам жоқ) Әлсізді жеңіп, әлем чемпионатына қатысқанша, әлдімен ойнап, бел бекіткен әлде қайда жақсы. Францияны жеңіп барып әлем чемпионатына қатыссаң, арман бар ма? Мысалы, кезінде Азияда болған түріктерді неге көрмейміз? Сондықтан, әлем чемпионатына баруды армандасақ, жеңілдің асты, ауырдың үстін қиялдамай-ақ қояйықшы.

Үшіншіден – УЕФА құрамында болу – ел клубтарына пайдалы. Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы турнирлеріне қатысу – біздің клубтардың да тәжірибесін арттырады. «Бунедкормен» немесе «әл-Ахлимен» он рет ойнағаннан «АЗ Алкмармен» бір рет онаған әлде қайда артық. Ал біздің клубтардың дамығаны – ұлттық құраманың пайдасы. Бізде мықты клубтар пайда болғанда ғана мықты құрама қалыптасады.

Қысқасы, Азияға ораламыз деген әңгіме – бір сәттік абыройды  ғана ойлаған адамдардың ақсақ (асқақ емес) арманынан,  «біздің құрама әлем чемпионатына қатысады» деп жыыыыртылыыыыып жүруге керек  понт үшін туған даурықпа деп білемін.  Министр мырза Азиядағы жыртық жеңістермен көп «ауырмаса» екен деп тілеймін.

 

Ауылды сағынғанда… (бірінші бөлім)

Қазет-жұрнал оқып отырып, әрүрлі кісілердің сұхбатын оқисың ғой. Әрқайсысы әртүрлі нәрсені айтады, әрқайсысы әрүрлі нәрсеге бас ауыртады. Әртүрлі кәллә, қысқасы. Бірақ бәрі дерлік бір тақырыпқа соқпай кетпейді. Ауылға! Бәрі ауылды сағынады. Балалық шағын еске алады. Бірі тезектің иісін аңсайды, бірі тандыр нан жегісі келеді, біреуі есекпен көкпар тарқанын еске алады деген сияқты. Сосын менен ешкім сұхбат алмаса да, бүгін отырып алып бір ауылды сағынайыншы деп, сағындым ақыры. Бала шақтан еске түскендері (ретті-ретсіз) былай.

1. Теледидар. Өзі төртбұрышты, “Рекорд”. (кейіннен біздің үйде “Электроника” дейтін кебежедей біреуі де болды). Үстінде үнемі ақ мата жабылып тұрады. Матаның үстінде – ішінде жасанды гүлі бар шыны құмыра. Құмыра мен мата тек түнде (кешке), атам “Время” көрер кезе ғана алынады. Өзі екі-үш канал көрсетеді ауылда. “Қазақстан”, “Өзбекстан-1” және “ОРТ”. (тоқсаныншы жылдардың бас кезі). Өз бетіңмен тд қоссаң, жазаланасың. Тоққа түсіп қалуың мүмкін немесе күйдіресің телевизорды. “ОРТ” көру үшін антеннаны батысқа, “Өзбекстанды” қарау үшін шығысқа бұру керек. Антенна дегенің жарты километр жерде – мал қора жақта тұрады. Бұрағанда каналдың жақсы көрсеткенін-көрсетпегенін қарап тұру керек. Ағаң антеннаны бұрайды, сыртта тағы біреу жүреді. Оның міндеті – терезеден “жақсы көрсетті ме?” деп сұрау, сен тд алдында отырып, жауап беруің керек, “тағы сәл бұра” деген сияқты. Терезе алдындағы бұл хабарды аненна бұрағышқа жеткізеді. Ағаң ашуланып (антенна жерге қатып қалған, темір – суық), өкіметті сыбап алып, тағы бұрайды… Қысқасы, үш адам әуре.
2. Сиыр бағу Біздің үйде бас-аяғы 12 ірі қара болды (ірі емес бұзауларды да қосқанда). Бағу – азап. Біздің жақта күн шыжып тұрады (40-45 градус). Сол ыстықта он екісін алға салып айдап кетуің керек. Түске дейін бір айналдырып келесің. Түстен кейінгісі тағы бар. Бір бакалашка су алып. Бір достарым болды, өмірі су алып шықпайды, ауыр, керексіз нәрсе көреді. Бірақ жайылымға жеткен соң үнемі жалынып су сұрап жүреді, тамақтары қурап… Сосын іш пысады. Не карта ойнайсың, не бытшыт төбелес. Ересек балалар ұсақтарды бір-біріне айдап салады. Қызық керек. “Шығасың ба, мынамен?” дейді. “Шықпаймын” десең, дәу жігіт емессің (о кезде и так жігіт емессің ғой, 7-8 жасар баласың). Бірақ жігіттігіңді дәлелдеу үшін көзі тарс жұмып пергілесуді бастап кету керек. Болмаса, алдап шағыстырады. Орталарына таяқ ұстап тұрады да, “түкір” дейді, түкіріп қаласың, таяқты тартып қалғанда қарсы балаға тиеді. Сосын ал кеп төбелес! Сылтау – неге үстіме түкіресің!
3. Футбол. Бұл кешке, сиырды жайлаған соң болатын тірлік. Жыртық нәскидің сыртына Қытайдың жасыл бутсасын (біртүрлі жағымсыз иісі бар) киесің де, қою шаңның арасына қойып кетесің. Доп – резеңке. Әрі желі жоқ. Тепкенде, біреудің ішін тепкендей әсер – қолқ ете түседі. Ұшпайды. Сонда да қызық. Түнгі сағат 11-12-ге дейін ойнаған кездеріміз болды. Тас қараңғы болса да. Доп ақ түсті болғасын қуа береміз. Пасты командаласыңның даусы шыққан жаққа қарап жобалап тебе саласың. Көшеден тырақтыр, машина өтсе – рахат, қарсыластарыңның қанша адам боп ойнап жатқанын көруге мүмкіндік болады. Олар көп боп шықса, боқтықтың неше үлгілері ауада қалықтай бастайды. Аут деген ұғым жоқ. Қақпа – біреудің жейдесі немесе кәдімгі тас.

(жалғасы бар)

Кешегі матч маған ұнады

Тағы да жеңілдік. «Тағы да» деп күтпеген жеңіліс сияқты аһ ұрмай-ақ қояйықшы, омақасатынымыз ойын басталмай тұрып-ақ мәлім-тұғын. Біздің футбол құрамасын айтам. Бас бапкерді төмпештей жөнелгелі тұр деп ойламаңыздар. Маған кешегі матчтың ұнаған тұстары да бар. Айналдырған 5 ойында 14 гол жіберіп алсақ та, өзіміз әлі қарсыластарға бір доп соқпасақ та, бас бапкерімізді аяғының шуашы бар адамның нәскиін жылдам ауыстырғаны сияқты тез ауыса берсек де… бәрібір жанкүйер болып қала беремін.
Кешегі ойында мені қуантқаны мыналар еді.
1. Фархадбек Ырысметов. Былтырғы әлем чемпионаты кезінде Англия, Аргентина құрамаларының қорғаушыларын ит қып салпақтатқан Томас Мюллерді бірнеше рет (оншақты рет деп айтсақ та болатын шығар) әдемі тоқтатты. Әрине, Мюллеріңіз кеше біздің қақпаға қос доп соқты. Бірақ ол меніңше (кейбіреулер келіспеуі де мүмкін) Фархадбектің емес, орталық қорғаушылардың кінәсінен. Қысқасы, кеше Ырысметов сол қаптал қорғаушысы ретінде маған ұнады.
2. Жамбыл Көкеев. Жанкүйердің бәрі білетін, әйгілі «Уэмблидегі» ойыннан кейін бұ жігітті жұрт «жұлдыз боп кетті» деп жаратпай жүрген еді. Ойынға екінші тайма араласса да кеше жап-жақсы ойнады. Азат Нұрғалевтің орнына Жамбыл кірген соң, біздің құраманың сол қапталына жан кіргендей болды. Әлемдік футбол жұлдыздарын қия бастырмайтын, Германия құрамасының оң қапталын тас қып ұстайтын Филипп Ламды бірнеше рет кісі құрлы көрмей алдап өткені, неге тұрады! Жамбылдың сондай рейдтерінен кейін Нойердің де жүйкесі сыр беріп қорғаушыларына ренжіп жатты.
3. Давид Лория. Бұл жігіт біраз үзілістен кейін барып құрамаға оралды. Дегенмен, осы ойын Қазақстанда әзірге оның деңгейіндегі қақпашы жоғын көрсеткен сияқты. Рас, ол 4 доп жіберіп алды. Қателесті де. Дегенмен, қанша сәтте құтқарып қалды? Қанша рет Мюллердің, Өзилдің әуелеп келген пастарын орта жолдан қақшып әкетті? Сенбесеңіз, санап көріңіз.
4. Мирослав Беранек. Біздің құраманың ине-жіпткен жаңа шыққан су жаңа бапкері. Белорустармен тең түсті. Құрама тізгініндегі екінші кездесуі – кешегі. Карл Брюкнер ақсақалдың тәлімін алған бұ кісінің маған ұнағаны – ойыншыларға қорықпай ойнауды үйретіп жатқан сияқты. Доп – домалақ, алаң – тегіс, қақпа – бірдей, ойыншы саны тең, немістер де адам. Біздің жігіттер сасқалақтап ойнады, иә. Дегенмен, менің аңғарғаным сол. Және Мирослав мырза жеңілгеннен Пайперс, Шторк сияқты бар айыпты басқаға жауып жалт берген жоқ. «Ойынымыз бытшыт» деп мойындады. «Болашағымыз алда» деп көлгірсіген жоқ. Болашақтың қалай жасалатынын ойынға таңдалған ойыншылармен көрсетті. маған сенбесеңіз, кеше алаңға жалпы саны неше қазақ шыққанын санап көріңіз. Санадыңыз ба, бұрын қалай болушы еді?
Қазақстан құрамасының жанкүйері болып қала беремін.

«Үкімет қайда қарап отыр?»

Жақында Алматыда блогшылар бас қосты ғой. Білесіздер. Мен барғам жоқ. Барғандар жақсы болды деп жатыр. Дегенмен, ойға қалдырды. Мұндай жиындардың ұйымдастырылуының өзі Қазақстанда интернет-журналистиканың (деуге келсе) дамып келе жатқанынының көрсеткіші сияқты. Көргендердің айтуынша, блогшылар құрылтайына “Жас қазақ үні” газетінің бас редакторы Қазыбек Иса да барып, естігендердің айтуынша, “енді бұлар газетті ығыстырады ғой, иә?” деп сары уайымға салынып қайтқанға ұқсайды. Ығыстырса несі бар? Өз басым, бүгінгі басылымдардан оқырман ретінде түк қанағат таппаймын.
Студент кезден қалған әдетпен, апта сайын бүкіл газетерді жиып алып оқымасам, көштен қалған Үсен сияқты сезінетінмін. Осыдан біраз уақыт бұрын. Ал қазір қазақ баспасөзінің тұрақты оқырманымын деп суайт бола алмаймын. Басылымдармен арамыз “суып” кетуінің де себебі бар. Біздің газеттер – қызықсыз. Оқырманды түк тартпайды. Дизайн, сурет жағы да бар. Айқара бетке көлдей мақаланы тастай салады да, 3х4 сурет бере салады. Тақырып – шақырып тұрмайды. Тақырыптар біркелкі. “Ұлыстың ұлы күні ұлықталды”, “Биліктің кертартпа саясаты”, “Ол өлмейтін із қалдырды” «Үкімет қайда қарап отыр?»деген сияқты тақырыптарды көресің де, көңілсіз жазылған дүние екенін бірден ұғасың (айлық аздығы бөлек әңгіме). Кімге өкпелейміз, көп газеттерде мақалаға айдар қою деген ұғым әлі жоқ. Бір бетте экономикасы мен спорты қатар жүре береді. Үтір, нүкте, тырнақша дегенді орынмен пайдаланбайды. Қазақ газеттерін сатып аламын да, ішінен сауатты саяси сараптама, әдемі киноталдау, кейінгі экономикалық қадамдардың біз білмейтін құпиясы, әскери әлеуетіміз шындығында қандай деген сияқты мақалалар іздеймін. Мысал үшін айтып отырмын. Бізде ондай жоқ. Қорадан бұзауы ұрланса да бас-көз жоқ Ақорданы төпелей жөнеледі, не баласы сабақтан бес алып келсе де Елбасымыздың арқасында деп жазады. Болған нәрсені болды деп айтуда тағы мешелміз. Газеттердің іші «атам қазақ баяғыда бүйткен» деген көлгірсуге толып кетті. Атаң мықты болған шығар, бірақ біз неге қорқақпыз? Оппозициялық басылымдар тіл мәселесін биліктен көріп толғануға бар да, Бутяның қазақшасы әлі бытшыт екенін ескермейді. Қазақ газеттері әлі де ақпараттарын орыс сайттары арқылы алады. Олардың өздеріне икемдеп жазатыны анық қой. Тікелей француз, ағалшын сайттарынан аудара алатын журналистер жоқтың қасы. Орыстар Ислам терроризмі деп жазса, біздікілер де солай көкектей жөнеледі. Кеше ата-бабаң, бүгін өзің ұстанып отырған дінді әдейі лаңкестікке теліп жатқанын да түсінуге миымыз жетпей отыр…
Телевидениенің де жетісіп тұрғаны шамалы. Бүгінгі тележурналистика – шоу-бизнесті насихаттаушы құралға айналып кетті. Қазір қай телеарнаны қосып қалсаңыз да шүпірлеген “екі жұлдыздар”. Қаптаған итке көлеңке бермейтін әнші мен бақсы. Және күле береді. Ана телеарнадағыны мына телеарнадағы шақырып, қосылып күледі. Түсінбеймін, бұл қазақтың жыртыңдаудан басқа шаруасы жоқ па? Қазақтың өз басымен ойлана алғаны ешкімге керек емес, ал ойландырмаудың төте жолы – ойсыз, арсыз күлкі. Осыны сынап жатқан тірі пенде болсайшы, шіркін! Осындай жобалардың көбеюіне қазақ газеттерінің әлсіздігі де кінәлі деп білем. Баяғыда “Жас Алашта” “Өткен аптаның көрермені” деген айдар болушы еді. Сойып салатын. Ал қазіргі газеттер “Шіркін лайфтың” идеясы қайдан туындады?” деген сұраққа жауап алғанына шексіз риза. Тәуелсіз қазақ елінің Ата заңы – Конституция күні қай күн екенін білмейтін Бейбіт Қорған сияқтыларды үлгі тұтатын, сүйіп тыңдайтын қазақ жастарын өз басым еш түсіне алмаймын. Бұқаралық мәдениет деп жеңілдетіп айтқанымызбен, бұл – кәдімгі надан тобырдың көрінісі.
Осы сөздерім үшін қазақ газеттері мені халық жауы ретінде сынауы мүмкін. Мейлі. Бастысы өтірік айтып отырғам жоқ. Бізде не жайлы болса да өзіңнің жеке пікірің болғанына біртүрлі қарайды ғой. Ел сияқты сен де ойламасаң, айыпты боласың. Бүгін мейрамда жатып алып теледидар қарап, газет оқыған(сымақ) болғам (шапан кигім келмеді – күн ыстық, қымыз, шұбат ішсем дегем – қымбат, алаңға барып суретке түсуге фотоаппарат жоқ, сосын, дұрысы Наурызды үйде тойлаған деп шештім). Шынымды айтсам, соның әсерімен жазып отырмын.
Газет іздеп жүрмін. Дұрыс түсініңіздер. Оқу үшін.

Ассалаумағалейкум!

WordPress-тен блог аша алмай-ақ қойдым. Асқар Жұмаділдаевдың пікіріне келіспеске шараң жоқ сосын. «Қазақ word-қа әріп теріп үйренсе болды, компьютерді меңгердім деп ойлайды». Рас сөз ғой. Шыны керек, блогты өзімнің басым жетіп ашқам жоқ. Әйгілі Асхат Еркімбайдың қыр соңына түсіп жүріп аштырып алдым.
Блогомания кесіліне ұшырағандарға өз басым қызығамын. Сосын… өкінемін. Нұрлан Ерімбетов айтпақшы, «қазіргі қазақ журналистерінің бәрі жүйке ауру». Бұл да рас. «Егеменде» немесе «Хабарда» қызмет атқаратындардың бәрі 100 пайыз біздегі жүйені құлай сүйіп жақсы көруі мүмкін емес қой. Бірақ амал жоқ құлашты кеңге сермеп толайым табыстар туралы жазуың, сюжет жасауың керек. Кеткенде қайда барасың? Қазіргі журналистер – шынжыры жеткен жерге дейін үретін ит сияқты. Оппозициялық басылымдардың да шектеулі шеңбері бар.
Қысқасы, қазір өз ойың, жеке пікірінді жариялайтын жер жоқ. Әжетхана, қираған үй қабырғасына жазбасаңыз, әрине. Біздегі бар демократия сонда ғой, шіркін…
Журналистика – біреудің проблемасын шешіп беретін құзыретті орган емес қой. Бірақ қоғамдық пікір туғызатын, туғызып қана қоймай, оны қалыптастыратын күшке ие. Сондықтан, осы сатпақты оқып отырған қарапайым оқырманнан БАҚ өкілдеріне арыз, ой, жеке пікірлерін айта жүруден жалықпағанын қалаймын. Хат жазыңыз, пікір білдіріңіз, талап етіңіз – мемлекеттің телевизия Сіз төлеген салықтың арқасында күн көріп отыр. Сіз (оқырман, халық) талапшыл болсаңыз – бәрін де өзгеруге болады.
Басқа ракурстан қарайтын болсақ, журналистің қаламына, микрафонына байланып қалған да ештеңе жоқ негізі. Журналистер де – адам. Жұрттың мұқтажын қанағаттандырмаған жергілікті атқамінер жайлы репортажды күтіп отырып көріп, әділетсіз әкімді аяусыз жазалағысы кеп, алақанын ысқылап отырған біреу бар деп кім айтты, сізге? Олай ойласаңыз, ол – ертегі, иллюзия.
«Бізде сөз бостандығы бар ма, жоқ па, бар болса, ол қандай деңгейде?» деген сауалдар да шаршатты. Бостандық шіркін әркімнің өз ішінде болса керек, сірә. Журналистер тиісті жерде сұрақты ашық қоя алмай жүрсе немесе қарақшыны қамқоршы деп бағалап жүрсе, онда, қарапайым тыңдарман, оқырман, көрермен, сіздің де үлесіңіз бар. Неге дейсіз ғой? Сіз еден сырлау үшін алынатын бояуға ақша жинатқан мектеп директорына «әй, мұның қалай?» деп айтуға дүдәмал күй кешіп жүрсеңіз, журналистер де солай. Өзіңіз өмір сүріп отырған қоғамға көңіліңіз толмаса, айыпты айналадан емес, өзіңізден іздеген дұрыс. Сіз – осындай қоғамға лайық шығарсыз, бәлкім? Демократия орнатуды өз айналаңыздан бастаңыз.
Хабар алмасып тұрайық. Ойға алған, жазатын дүние көп. Бұл амандасуым ғой. Ассалаумағалейкум!

Next Newer Entries