Уордпрестің барлық блоггерлері, жазыңдар!

Сонымен, не жаңалық? «Оншекеңдегі» сияқты мықты жаңалық әзірге бізде жоқ. Аты-жөні Стивен Спилберг, Джеймс Кэмерон, Джон Ву, Роланд Эммерих сияқты әлемдік киноөндірістің әйдік режиссерлерімен ешқашан қатар аталуы мүмкін болмаса да, Алматыдағы қазір түнгі клубқа айналып кеткен «Қазақстан» кинотеатрында «Жаралы сезім» атты төрт жерінен тырнақшаға алынған шедеврдің авторы Еркін Рақышевтің әртүрлі быламық «шығармашылық» ойлар тудырушы идеялас серігі болған Жандос Құсайыновты айтып жатырмын. Кәдімгі «Онша емес жазулардың» глав врачы, ой, глав редакторы ше (достық 🙂 әзіл). Сол жігіт ұлды болды. Әлхамдулилла, бауы берік болсын!..
Сонымен не жаңалық? «Уордпреске» жәйлап қайта оралып жатырмыз. «Қазжурға» көшіп кетіп, қайта оралмадық – «көппен көрген ұлы той». Демек, оралман статусымен үй алуға мүмкіншілік жоқ. Деп қусақ, қуа береміз ғой. Тағы бір мәрте ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа бәрәкатуһ! Сәлем бердік, алмасаңыз, өзіңіз еркіңіз, он сауабым өзімде, Алла қаласа! 🙂
Сонымен, не жаңалық? «Өлмеген құлға Құдай-ай, болып та қалды енді жаз» деп әке-ата-бабам қазақ су тегін айтпаған сияқты, «жаз келді, бір демалайық» деп жүргенде күз де кеп қапты-ау, енді шамалы күннен кейін, о тоба! Блогсфера біртүрлі жетісіреп қапты. Бастаған істі бел ортадан тастаған дұрыс емес шығар. «Барлық елдің пролетариаттары бірігіңдер!» деген секілді, барлық блогшылар жазуды тоқтатпаңдар дегім келеді. Өзіме көп ап қойсам, бір мейірімшіл, мөлдіреген көзқараспен оқи салыңыздар.
Сонымен, не жаңалық? «Уордпресс» жабық тұрған шілде айынан естеліктер.

1. Шілденің жағымсыз оқиғасы – жұмыстан қуылдым. «Бәріне кінәлі – нәпсі» деген сияқты, бәріне кінәлі – сақал. Сақал болғанда да анау-мынау емес, белгілі бір кісінің телегеничный сақалы. Құрметті менің әріптестерім, естеріңізде болсын, жаным ашып ескертіп отырмын, енді ешқашан, ешуақытта, ешбір жерде сақалды адамнан сұхбат алмаңыздар. Эфирден сақал көрінгені – бізде сайтан көрінген сияқты қабылданады. Одан қайта Айқын Төлепбергенді немесе Мәдина Сәдуақасованы жағаласаңыздар екен. Қазір Қазақстанда поп-мәдениет өкілдерінен асқан ақылды екі аяқты тіршілік иесі жоқ қой (төрт аяқтылардың ішінде кездесуі мүмкін бірақ), не сұрасаң да, қысылмай, кідірмей, бәрін білетін ақылды адамның кейпіне еніп пікірін пергілей береді. Бірақ Нұрлан Абдуллинге жоламаңыздар, сақалы бар!

2. Шілденің жағымды жаңалығы – Асхат аға Еркімбай мен Руслан братишка Желдібай отау көтерді.
Келіншектерінің атын атап, түсін түстеуге правом жоқ. Әрі танымал адамдар өздерінің құпиясы көп адам сияқты көрінгенін қалайды ғой. 🙂

3. Шілденің онша емес күні – 31 шілде.
25-ке толдым. «Қартайдық, қайғы ойладық» «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек».

4. Шілденің нашар жаңалығы – бензин қымбаттады.
Бензин қымбаттады деген сөз, онсыз да ештеңеге жетпейтін жалақы енді ваще жетпейді деген сөз. Адам сияқты ауыруға да ақша жоқ болады. «Өлейін десем, ақша жоқ» деген сияқты. Бензин қымбаттаса, жол ақысы қымбаттайды, нан қымбаттайды. «Билік басындағы ағалар қайда қарап отыр? Бәріне Назарбаев кінәлі!» (астапыралла).

5. Шілденің Ұлы қоныс аударуы – белгілі филолог-данышпан-жасандылықтанушы Мақпал әже Мадиярова Алматыдан Астанаға салқар көштің бетін түзеді. Көш қайырлы болсын, жасанды емес күйеу тап!

6. Шілденің нашар адамы – көлігімнің бұрынғы иесі.

7. Шілденің жақсы адамы – бір кісі. Өзі біледі. Или өзім бетіне айтам.

8. Шілденің бір күні – жұмысқа қайта шақырды. Қайтқан кадрда қайыр бар.

9. Шілденің қуанышты күні – бажалы болдым. Первый раз в жизни.

10. Шілденің не очень сапары – Шымкент. Зауыттардың бәрі тоқтап тұр. Мықты арнаның мықты емес журналисі үшін бір сағат, жарты сағатқа қосып берді. Жұмысшылар мені және телеоператор Ағабек Қазанбайды әбден боқтаған шығар-ақ. Жұмыс істеп тұрған жалғыз «Ордабасықұс» құс кешені» түйетауықтарды бұрқылдатып-шырқылдатып конвейермен сойып жатыр. Бұдан былай «құс еті – халал» дегенге өз басым куәлік бере алмаймын.

Сүгіреттер лағып кетті. Бір-екі айдың ішінде дизаайнерлік қабілетімнен айрылып қаппын. 🙂

Бәрі де салыстырмалы…

Блогымда түнеукүні Алматыда айтыс өтетіні жайлы ақпарат жариялаған едім. Айтыс, Аллаға шүкір, Студенттер сарайында дүркіреп өтті. Сол айтыстың қорытындысын жазуды әуелде өзім де ойлап жүргем. Бірнеше оқырман айтыстың қорытындысы жайлы жазуымды сұрағаны да еді. Бірақ, бір жағы жұмыстан қол босай қоймады, екіншіден, бірер блогта айтыстың қалай өткені жайлы жан-жақты жазылған соң, «ел менсіз де хабардар шығар» деген ой келіп, жағамды жайлауға жібергенім де рас.
Бірақ «Стан» ақпараттық бейнепорталында Алматыда өткен айтыс жайлы атүсті жазылған материал көріп қалған соң, үнсіз жатқанды теріс көрдім. Менің пікіріме қарап қалған ештеңе жоқ, әрине. Әркімнің талғамы әртүрлі екені де рас қой.
Біріншіден – «Нұр Отан» партиясының аясындағы шара ретінде таныла бастаған айтысқа ынта басылмапты». Нағыз асыра сілтеу енді. Инга, без обид. Иә, осымен екінші рет (Астанадағы айтысты қосып айтып отырмын) айтыс өткізуге мұрындық болушы – «Нұр Отан». Сәл бұрын айтысты тоқтатып қойған да «Нұр Отанның» мүшелері екені де рас. Бірақ сол айтыс өткізілмей қалғанда оппозиция неге тонын жамылып, теріс қарап жатты? Қайта билікті дәл сол кезде тас-талқан қып сынап, әрі сол сәтті тиімді пайдалану арқылы оппозиция серкелері айтыс ұйымдастырып, елдің ықыласына бөленсе, қайда қалды? Демек, бұл сөйлем – «нұротандықтар» ұйымдастырған сәтті шараны көре алмай, іш тырнау сияқты болып көрініп қалды. Сосын неліктен елдің айтысқа деген ынтасы басылуы керек? Түсініксіз. «Нұр Отан» ұйымдастырғаны үшін бе? Өзіміздің «Нұр Отанға» деген жеккөрушілігімізді неге елге таңамыз? Неге менің «Нұр Отанды» құлай сүйіп жақсы көруге құқым жоқ? «Жасасын, демократия!» лепіргенде лебімізден адам ұшардай да, тағы да біреудің жеке, ішкі ойларына араласқымыз келеді. Менің миым – менің жеке меншігім емес пе? Сосын, оппозицияның қол-аяғын кім шідерлеп отыр? Айтыс өткізсін, мүмкіндіктері болса, осылай тегін өткізсін, ақындарды жарылқап, сый таратсын. Бірақ енді осы жерде «билік мүмкіндік бермейді» деп жыламай-ақ қояйықшы, иә…
Екіншіден – «айтысқа келген көп адам кіре алмай сырттан қайтты». Шындық. Бірақ енді елдің айтысқа кіре алмағанына «Нұр Отанның» айыбы не? Кіру тегін болды ғой. Студенттер сарайы аузы мұрнынан шыға толды, тіпті көп жұрт еденде отырып, тіпті түрегеп тұрып тамашалады. Яғни, елді кіргізгенмен пайда жоқ еді. Түрегеп тұрып көретін де жер аз болды. Одан артық не істейсің? Республика сарайы жөндеуде, ал бұдан үлкен орын жоқ Алматыда. Сондықтан көп жұрттың даладан қайтқанына – өздері кінәлі. «Бұрын барсаң, орын бар». Әрі жүрген-тұрған адамдардың көптігі – «Хабар» арнасының түсіру тобына кедергі келтіруі мүмкін болғандықтан да есік құлыпталған болуы әбден мүмкін.
Үшіншіден – Асылы Осман. Бұл кісі Инганың жазуынша, сыртта қалып қойыпты. Өзі айыпты. Кешігіп келген. Әйтпесе, айтыстың екінші жартысында төрде отырды емес пе? Тіпті оған айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман назар аударып, атын атап, орнынан тұрғызып, құрмет те көрсетті.
Төртіншіден – Қайрат Сатыбалды. Айтыстың негізгі ұйымдастырушысы шынында да осы кісі екен. Естуімізше, Қайрат мырза шынында да біраз ақынды умраға (кіші қажылық) апарып келген. Ну и что? Алла разы босын, мойындайықшы, сауапты іс қой. Мәскеу түбінен өзінен басқа ешкімге қайыры жоқ қала салғанмен салыстырғанда, меніңше, қазаққа әлдеқайда осы пайдалы. Қасиетті жерге ақындарды апарып келсе және сол ақындарға көрген-білгендерін елмен бөлісуге жағдай тудырып берсе, несі айып, айтыңызшы?
Бесіншіден – «ақындар биліктің жетегінде кетті». Мен Жандарбек Бұлғақов немесе Айбек Қалиев болсам, авторды сотқа берер едім :). Өзімнің ешкімнің жетегіндегі адам емес екенімді дәлелдеу үшін және бұл сөздің жала екендігі үшін. Ринат Зайытов тіпті Арабияда Қайрат Сатыбалдының жекеменшік жері бар екенін де айтқан жоқ па? Егер ақындар расында биліктің жетегінде болса, оншақты рет айтылған Мәсімов және оның атақты мұрты, сондай-ақ қазақ жерін мол қарпып жатқан мешкей Сергей Кулагин, айтыста елге дауыс көтерген әдепсіз министр Мұхтар Құл-Мұхаммед, патшаның қолын сүйген «хас жағымпаз» Әбіш Кекілбаев, парламентте ұйықтайтын Бекболат Тілеухан және оның сақалы, жер сілкініп жатса да, қамсыз отырған аю – Божко, қазақша әліпті таяқ деп білмесе де, «Жас Отанды» басқаратын «сайыпқыран» Нұрлан Өтешов тақырыптарын (есіме түскендерін ғана жазып отырмын) автор естімей қалса керек.
«Нұр Отанның» ақпараттық демеушісі, болмаса, Қайрат Сатыбалдының пиар-менеджері емеспін. Бұл – айтыс мінсіз, супер деңгейде өтті деген де сөз емес. Сынайық – Ринат Зайытовтың дайындықсыз келгенін, сынайық – Алтынбек пен Заманбек өлімдерін айту – ақындарға ел алдында бедел көтеретін құралға айналып бара жатқанын, сынайық – ақындардың Мекке мен Алматы халқының иман деңгейі әртүрлі екенін есептемей сөйлеуін, сынайық – ақындар алты сағаттан бері жағы талмай таухидті (Аллаға серік қоспау) түсіндіріп жатқанда, Жүрсін Ерманның әдейі істегендей Өмірзақ Сәрсеновке «қасиетті айтыс өнері әркез қолдап жүрсін сізді» деп лағуын, сынайық – ақындар көтерген біраз мәселенің – проблеманың себебімен емес, салдарымен күресуге бағытталғанын, сынайық – ақындардың «тарықпайық, қалықтайық, анықтайық, шалықтайық» сияқты өте арзан ұйқас қулайтынын, сынайық – бұл жолы «октябряттар орнына ақпақұлақтар келді ғой» немесе «белесебеттен құлаудай, беделден қулау бүгінде» сияқты (Б.Әшірбаев) тапқыр, әрі терең тіркестерді аз естігенімізді, сынайық – ақындардың публикаға ойнап, сасық қулық жасайтынын. Тізе берсең, жетеді.

Р.S. Ниетім – автор Инга Иманбай қарандасымның бетінен алып, ұрсу емес. Біздің басылымдардың біржақты жазатынына, елдің атынан сөйлеп, халыққа өз пікірлерін таңғысы келетініне қарным ашады. «Нұр Отан», үкімет сыналмауы керек демеймін, проблема – шаш-етектен, сынаңыз – былай жетеді. Бірақ «бәрі де салыстырмалы». Б.Тілеухан айтпақшы, Тасбай Симамбаев сияқты Петропавл атының өзгермеуін қолдайтын тасмаңдайлар тұрғанда, қазақ классигі Әбіш Кекілбаевтың «адам – қартайғанда бір балалығын» сөз қылудың несі ерлік? Сол сияқты қаптаған машкевичтер, митталдар, храпуновтар, әбіләзовтер, кимдер шетелден вилла салып жатқанда, Қайрат Сатыбалды айтыс өткізсе, айыпты ма? Күнде ондаған задорновтар, кашпировскийлер, пугачевалар шығып жатқан сахнаға бір күн өзіміздің ақындар шығып, кеше – ата-бабамыз, бүгін – сіз бен біз ұстанып отырған хақ Ислам діні ең алғаш таралған Мекке мен Мәдинәдан алған әсерлерімен бөліскенге жазғыра жөнелу – жөнсіз қылық емес пе?

P.P.S. Айтпақшы, осы айтысты 14-15 мамырда «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар. Жақсы телеарна жаман жарнаманы қажет етпейді, әрине. Режиссері – Қадыржан Құлманов. Редакторы – Ринат Қайыртайұлы :).