Кім жеңеді?

Ала доп десе арқасы қозатындар жақсы біледі – жылдың ең басты матчы өтетін күн таяу. Алла жазса, алдағы сенбі жанкүйер біткен әйгілі «Уэмблиге» ағылады, жете алмағаны теледидар алдында топтасады. Ал «кім жеңеді?» деген әңгіме кеу-кеулеп жүргелі қашан. Букмекерлер құйрығы жер иіскемей зыр жүгіріп жүр, футбол жауырыншылары есте жоқ ескі замандардан бергі статисиканы ақтарып, болжам жасап әлек, спорт сайттары командалардың күш-әлеуетін жіліктеп, салыстырып әуре, коммент жазғаны үшін айлық алатын жазғышбектер бір-бірін жеті атадан бір-ақ қайырып жүр. Дегендері болса, бұларға бірдеңе бөліп беретіндей, Әйтеуір, бір дырду.
Қысқасы – «Барселона» – «Манчестер Юнайтед». Сонымен…
1. Кім жеңеді?
Ойбай, мен қайдан білейін 🙂 Айтпақшы, ұмытып барады екем, футбол пилосыптарының көбі (мисалы, Арсен Венгер, Христо Стоичков, Йохан Кройф т.б.) және мен танитын біраз жанкүйер испаниялықтардың жеңетініне бек сенімді. Тіпті 2:0, 3:0 жеңеді деп бет қаратпайды. Әрине, Месси бастаған Гвардьоланың мыңжасағырлары мықты-ақ. Бірақ бұл «Барса» жеңді, бітті» деген сөз емес қой. Ақыры «Барса» жеңетін болса, финалда ойнап не керек? Алтынды Каталонияға «Сайрандағы» автобустардан салып жібере салмадық па? Таңертең күтіп алып, мойындарына тағып ала салар еді… Қысқасы, «сөзсіз «Барселона жеңеді» деген бос сөз. «МЮ»-ға бүйрегі бұрып отыр демеңіз. Бірақ «Манчестер» «Барселонаға» оп-оңай арандап қалатындай, Ферги өңшең арамтамақ жинамаған шығар.
2. Кім мықты?
Мұны да білмеймін. Статистика – бөлек әңгіме. Оны «Аламаннан» оқып аларсыздар (жазған шығар деп ойлаймын). Ал ойыншылар жағынан әлемнің қазіргі үздік футболшысы Месси «Барселона» сапында болғандықтан, таразы басын «блауграна» басып тұрған шығар. Дегенмен, «Манчестерде» де жастық орнына доп жастанып өскендер көп. Және: доп – домалақ, алаң – тегіс, қақпа – бірдей, ойыншылар саны – тең. Ендеше Мессиден қорқып, «МЮ»-дің жеңуі үшін жеті шелпек таратып жүргендер мүжілмей-ақ қойса болады.
3. Кім қандай тактика таңдайды?
Тоже назнаю. Гвардьола мен сэр Алекс, мен білсем, дәл қазір сіз осы жазбаны оқып жатқанда, осы сұраққа бас қатырып жатыр. Ал егер жеке жанкүйерлік көзқарасыма салып жіберсем, әрине, «Барса» әдеттегідей допты ұзақ бақылауда ұстайтын шығар деп ойлаймын. Ал «МЮ», керісінше, контршабуыл арқылы гол соғуды қалайды. Моуриньюдың («Реал») Гвардьоладан алаң ортасында жеңілгенін сэр Алекстің түсінбеуі, білмеуі мүмкін емес. Тіпті жартылай финалдағы «Реал» мен «Барселонаның» текетіресін әккі шал әлденеше қайталап көрген де шығар-ау. Ендеше, Ферги ең бірінші алаң ортасын – жартылай қорғанысты барынша күшейтетін шығар. Кэррик пен Гиггз сәл артта, Пак сол қапталда (Гиггзбен жиі орын ауыстырады) Андерсон – ортада, Нани – оң қапталда. Руни – көзіміз үйренгендей, алаң ортасына қарайлайды және жартылай қорғаныс пен шабуыл ортасын жалғаушы көпір болады. Қақ маңдайда – жалғыз Чичарито. Бірақ, кім біледі, Фергюсон аяқ астынан шабуылдаушы тактика ұстанып, Пак орнына Валенсияны шығаруы да ғажап емес. Қорғаныс ауру-сырқаудан аман болса – Рафаэль, Фердинанд, Видич, Эвра.
Ал Гвардьоланың бас ауруы – қорғаныстың сол қапталы болса, таң қалмаймын. Пуйоль нашар ойнады деген сөз емес, бірақ «МЮ» – «Реал» емес екені анық. Ди Марияға алынбаған Пуйоль қамалын реактивті Нани (немесе Валенсия) кертіп жесе, ғажап емес. Және мұндай матчта жартылай қорғаушы Маскераноны қорғаныстың қақ ортасына тағы қоюға Пептің жүрегі дауалай қоюы – әй қайдам. Сондықтан Карлес орталықтағы «отанына» оралса керек. Алаң ортасында – Хави-Иньеста-Бускетс үштігі. Сосын шабуылдағы -орындарын адам айырып болмайтын аласапыран – Вилья-Месси-Педро «МЮ»-дің бес бірдей жартылай қорғаушысының басын айналдырумен айналысса керек. Демек, «жартылай қорғанысыңды көрсет, мен саған командаңның қандай екенін айтайын» деген әңгіме осы ойында тағы айтылатын шығар.

28-іне дейін, әдеттегідей, суреттермен сусындай тұрыңыздар. Ұмытып барады екем, Ақырыс сияқты «МЮ» жанкүйерлері мынаны оқысын. Менен көшіріп алыпты 🙂 http://www.sports.ru/tribuna/blogs/mrachnost/195447.html

Оле, оле, өләәә!

Өткенде бір шатпағымда футбол комментаторлары жайлы жазамын деп уәде берген едім. Сөйтіп ауыз жиғанымша болған жоқ, Еуропа Чемпиондар лигасының жартылай финалында кездескен «Барселона» – «Реал» матчын жүргізген Ержан Көшкінбаев біраз жүйге талшықтарымның жаназасын шығарды-ау…

Әңгіме – біздің комментаторлардың ойын тактикасын дұрыс талдай алмайтынында, болмаса, ойыншылардың орналасу схемасына терең үңілмейтінінде немесе бапкердің неге мұндай құрам шығарғанын жіліктей алмайтынында, қысқасы, жалпы, футболды түсінбейтінінде емес (ол бұйдасы бөлек түйенің, ой, әңгіменің жүгі).  Әңгіме біздің айташылардың орысша ойлап, сол ойын ойын (матч) үстінде қазақшаға аударып барып, сосын бізге айтып, қиналып отыратынында.

Бәрін құртқан «арамдатқыр көкшолақ»  – орыс тілі, иә. Орыстілді комментші Павел Цыбулиннің кенет қойған сауалына сасып қалды ма екен, Ерекең де осьминог деп соғып жіберді. Былтыр Жандос Айтбайұлы «Лига Чемпионов сайыстарында» деп қалып еді.  Орысша қосып сөйлеу модыға айналды ма, немене? Былтыр Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатында «сәуегейлікпен» семірген сегізаяқ Паульді ұмытпаған шығарсыздар. Сол «қайтыс болыпты». Ерекеңнің сөзі ғой.  Бәлкім өлген шығар, а? Телевизия тілімен айтқанда, общий планда алсақ, бұл сөзде тұрған ештеңде де жоқ, әрине. Қайтыс болды – қайтты деген сөз. Дегенмен, теңіз жануарына қайтыс болды деген сөз қаншалықты жарасымды екен?

Сосын Ержан жүргізген матчтарында «рез» деген сөзді қолданып тұрады. Қазақшасы «рет» қой. Мысалы, «бірнеше рет әуелетіп пас берді». Мұны «бірнеше рез пас берді» деп айтқаннан не түсінеміз? Рез – орысша раз (несколько раз, мисалы) ба екен, әлде? Алматы облысы халқы осылай сөйлейтінін білемін. Яғни, диалект болуы да мүмкін. Бірақ бәрібір, диалект болған күннің өзінде, оны тікелей эфирден – Қазақстан Ұлттық арнасынан айтуға болады деген сөз емес. Әйтпесе, батыс облыстардың бірінен шыққан комментатор «Руни қасқаааа, керемет гол соқты» немесе «қойшиш, Павел, Пепе қызыл карточка алатындай дөреклік жасаған жоқ»  деп жүрер. Немесе шымкенттіктер 17 млн. Қазақстан аудиториясының алдында «Оле, оле, өләә!» деп отырса не болады?

«Жаңылмайтын жақ жоқ», әрине. Ержан ағамыз бізге ренжімейтін шығар. Ешкім оқымайтын менің блогымда болса да, бір отклик болуы керек қой. «Барселона» – «Реал» матчын жүргізгендегі осындай қателіктері үшін комментаторға өз басым қызыл карточка көрсететін едім. Дисквалификация мерзімі біткесін эфирге шығуыңызды күтеміз 🙂