«Жақсыда» жолыққанша!

Сайтымыз ашылды. Қарай жүріңіз. http://www.jaqsy.kz
Мынау сол сайтта шыққан материалымның бірі. Қарап көріңіз.

Ардақ НАЗАРОВ: Жақында спорттан кетемін

Ережесіз жекпе-жектен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Ардақ Назаровты танымайтын қазақ аз шығар. Елдің атын Жер жүзіне танытып жүрген күрзі жұдырықты қазақ азаматы «Жақсы» ұлттық порталына арнайы сұхбат берді. Әңгімеміз жігіттердің жаздағы кездесуін сұраудан басталды.

– Соңғы кездері біз, «Бейбарыс профи» кәсіпқой спорт клубының жігіттері, үнемі АҚШ-та жарысқа шығып жатырмыз. Осыдан екі жарым айдай бұрын Қазақстаннан 5 жігіт барып, бесеуіміз де жеңіспен оралдық, – дейді спортшы. – Ол турнирге Бразилия, Мексика, АҚШ және Қазақстан құрамасы қатысты. Алдымен АҚШ жігіттері мен Бразилияның спортшылары шығып, 3:2 есебімен бразилиялықтар жеңді. Мексиканың ережесіз жекпе-жек шеберлерімен кездескен біз Алланың қалауымен 5:0 есебімен басым түстік. Енді алдағы айларда Бразилия құрамасымен кездесуіміз керек.

Спортқұмар ағайын білетін де болар, бізде 60 келі салмақта Бекнар Аманбаев пен Қазыбек Әшімов бар. 70 келіде – мен. 75 келі салмақта інім Бейбіт Назаров. Одан кейін, әрине, Жантқош Тұраров бар. Қазір АҚШ-та ережесіз жекпе-жек бірнеше версия бойынша жақсы дамып келеді. Қолдаушы-демеушілері де, қызығушы жанкүйерлер де жетерлік. Өткен Рамазан айында біздің жігіттер демалды, ораза тұтып, Аллаға ғибадат қылып, парыз өтеді. Енді жаттығуды қайта бастап жатырмыз. Жігіттер бабына келгеннен кейін алдағы қараша, желтоқсан айларында жарыстарды қайта жалғастыратын боламыз.

– Ел арасында «Ардақтың бір соққысы 50 мың доллар тұрады» немесе «Ардақ – Әлия Назарбаеваның оққағары, сол жақтан ақша алады» деген сияқты әңгімелер айтылып жатады. Бұл сөздер қаншалықты қисынды?

– Құдайға шүкір, бізді қолдайтын жеке демеушілеріміз, кәсіпкер ағаларымыз бар. Спорттан бөлек, өзіміз де құр қарап жүргеніміз жоқ. Шағын бизнеспен айналысамыз. Ер-азамат болған соң, еңбек ету керек, отбасын асырау керек. Жай табыс емес, адалынан ризық табуға тиіспіз. Өз басым ешқашан ақшаға төбелескен емеспін. Сенбеуіңіз де мүмкін, бірақ ақшаға қызықпаймын да. Егер ақшаға қызыққан жігіт болсам, қазіргідей Қазақстаннның намысын қорғап жүрмеген болар едім. Қомақты қаржы ұсынып, басқа мемлекеттердің атынан шығуға шақырғандар да болды. Ондай ұсыныстар, шыны керек, әлі де түседі. АҚШ-қа барған сапарларымызда америкалық проумоутерлер бізге жолығып, әлгіндей ниеттерін білдіріп жатады. Бірақ біз соның ешқайсысына да келіспедік. Себебі, қазақ болғаннан кейін қазақтың көк туын ғана желбіреткіміз келеді.

Ал оққағар болды деген әңгіме – жалған. Ол кісіге де, жалпы басқа адамдарға да оққағар болған емеспін. Бірақ бұл әңгіменің шығу себебі маған мәлім. 2004 жылы, естеріңізде болса, мен Артур Махановпен жекпе-жек өткізгем. Сол кездесудің рейтингін көтеру үшін Ресейдің спорт комментаторлары «Қазақстан Президенті қызының оққағары» деп эфирден хабарлап жіберіпті…

– Спортшы ретінде жас балаларға көз қырыңызды сала жүретін шығарсыз. Ауылдағы, қаладағы жастардың спортқа деген құмарлығы қаншалықты?

– Тәрбиенің іргетасы отбасында қалыптасатыны мәлім ғой. Қазір, байқап қарасаңыз, балам жыламай тыныш отырсын деп анасы теледидардың алдына отырғызып қояды да, өзі кіріп жуып, күйеуінің киімін үтіктеп жүреді. Бірақ көзін ашқаннан «Бүйі-адам», «Тасбақа-ниндзя» сияқты кері пиғылға тәрбиелейтін мультфильмдерді көріп өскен балалардың санасында өзіміздің рухани құндылықтар қалмай бара жатқаны өтірік емес. Яғни, қазір балаларды ата-анасы емес, көбінесе теледидар тәрбиелеп жатыр. Сәл өскеннен кейін бар ермегі – компьютер. Компьютердің де пайдалы жақтары бар, әрине, бірақ атыс-шабыс ойнағаннан ой-өріс, керісінше, дамиды. Адамды жәбірлеу, кісі өлтіру деген оңай нәрсе сияқты қалыптасады. Есейгендегі көретін фильмдері бейәдеп көріністерге толы боп келеді. Осындай жағдайда өскен, санасы теріс тәрбиемен уланған баланың тағдыры да кейін өзі еліктеген кейіпкерлерінің өмірін қайталап жатады. Қазіргі мектеп оқушаларының арасындағы атыс, төбелес, суицидтің көбеюі – ең алдымен сол үйдегі тәрбиенің әлсіздігінен.

«Қазақтың тамыры – ауыл» дейміз, «қазақтың игі жақсыларының бәрі ауылдан шыққан» деп мақтанамыз. Бірақ қазір олай кеуде кере алмайтын секілдіміз. Мысалы, бұрын «бір қыз зорланыпты» дегенді оқысақ, кәдімгідей шошитынбыз, әрі ондай оқиғалар ірі қалаларда болушы еді. Ондай қылмысты қазақтың баласы емес, өзге ұлт өкілдері жасаушы еді. Қазір мұндай масқара жағдайдың бәрі де өзіміздің ауылдарда болып жатыр, өз жігіттеріміз аса ауыр, айтуға жиіркенішті қылмыстарға баруда. Бұл да тәрбиеге көңіл бөлінбегеннен.

Тақырыптан ауытқып кетті демеңіз, айтпағым – қазіргі қазақ балалары тым әлсіз, әлжуаз. Ауылдардағы спорт клубтарының жоқтығынан, мәдениет үйлерінің дұрыс жұмыс істемеуінен балалардың салауатты өмір салтына ынтасы азаяды. Көк түтінге толы көркем фильмдердің кейіпкерлерін кумир ғып жүрген балаларды таңертең ерте тұрғызып, салқын сумен жуындырып, қуаласаңыз да бір-екі шақырым жүгірте алмайсыз. Әскерге шақырылған азаматтарымыздың жауынгерлікке жарамай қалғаны туралы да көп естиміз. Мұның бәрі неден? Меніңше, қазіргі жастарда бос уақыт көп. Бос уақыт көп болғаннан кейін сәскеге дейін ұйықтайды, сосын көшеге шығады, көшедегі достары қандай екенін ата-анасы дұрыстап қадағаламайды. Алдымен темекіге үйір болады, артынан арақпен достасады. Соңы белгілі – әскерге жарамсыз болып шығады. Ал отбасын, елін, мемлекетін қоғай алмайтын еркектері көп мемлекетте қандай ірілік, өр мінез болады? Сондықтан, тағы да қайталап айтам, үйде баланың бос уақытын қалдырмау керек. Жас адамда энергия көп болады. Тек сол қуатты дұрыс бағытқа ата-анасы бұрып отыру керек. Шет тілдерін меңгерсін, спорт үйірмелеріне қатыссын, заманауи ғылымның әліппесін ашсын, қысқасы, кешке бала шаршап құлауы керек қой. Егер баланың бұғанасы дұрыс қатайса, Алла қаласа, есейгенде еліне пайдалы азамат болады. Себебі, «жас кезде алынған білім – тасқа ойып жазғандай».

– Теледидар дегеннен шығады, шетелге барған бір сапарыңызда сізді «Бораттың елінен келді» деп таныстырғаны рас па?

– Иә, сондай бір жағдай болған. Шыны керек, америкалықтардың көбі қазақтарды «Борат» фильміндегі сияқты тұрпайы, жабайы деп ойлайды екен. АҚШ-тың барлық қалаларындағы кинотеатрларда әлгі фильм көрсетіліпті. Оның зияны АҚШ-та оқитын бауырларымызға да тиген сияқты. Қатты намыстандық. Содан кейін, Алла сәтін салып, бізді бүкіл АҚШ-қа тарайтын бір радио тікелей эфирге шақырып қалды. Сол жерде әлгі фильмнің шылғи өтірік екенін, біздің ешкімнен кем емес тәуелсіз ел екенімізді, мәдениеті дамыған өркениетті жұрт екенімізді айттық.

– Қарапайым халық бокс сияқты дене күшін қажет ететін спорт түрлерімен айналысатын жігіттер төбелесқұмар, көрінгенге киліккіш сияқты көреді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Бұл да адамның тәрбиесіне байланысты. Сосын спортшының бапкеріне. Мойындаған дұрыс, көптеген бапкерлер рухани құндылықтардан, имандылықтан алыс. Баланы тек спортқа ғана баулығандықтан, мәдениеттілік, парасаттылық, сабырлылық туралы сөз қозғамағандықтан, оның бойындағы күш-қуат тыныштық бермейді. Сіз айтқан әңгімеде, әрине, шындық бар. Бірақ клубқа енді келген балаға айтар әңгімесін: «Сені біреуге күш көрсету үшін тәрбиелемеймін, үйренгеніңді еліңді қорғауға, қазағыңның атын шығаруға пайдаланасың», – деп бастайтын бапкерлерді де білем. Меніңше, мен күштімін деп әлсізге қоқан-лоққы көрсету – ақымақтың ісі. Себебі, нағыз мықты жігіт күш-жігерін еліне пайдалы істерге жұмсайды. Сонысымен жастарға үлгі болады.

– Грек-рим күресі, бокс, ережесіз жекпе-жекпен шұғылданатын жігіттердің допинг қолданатыны рас па? Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіз сондай дәрі-дәрмек қабылдап көрдіңіз бе?

– Мен допинг қолданамын. Менің допингім – ет пен қымыз. Шетелге жарысқа баратын кезде міндетті түрде өзіміздің ұлттық тағамдармен қоректенемін. Қабанбай, Бөгенбай бабаларымыз допинг пайдаланбай-ақ жауын жеңді ғой. Махамбет «Алты малта ас болмай, ерлердің ісі бітер ме?» дейді. Демек, дәрі ішпей-ақ дүниенің ісін тындыруға болады.

– Адам болғаннан кейін мәңгі-бақи бабыңды ұстап тұру мүмкін емес. Келісім-шарт мерзіміңіз аяқталған соң, немен шұғылданбақ ойыңыз бар? Бапкерлікке ойысасыз ба?

– Дұрыс айтасыз, спортшы карьерасы тым қысқа. Жалындап тұратын шағың – 20 мен 30-дың арасы. Ары кетсе, 33. Спорттан кеткен соң, немен шұғылданатынымды, рас, ойланып жүрмін. Бәлкім, бапкер болармын, бәлкім, басқа іспен шұғылданам. Алла біледі. Сіз айтқандай, келісім-шарт уақыты біткен соң, бұл спортпен қош айтысамын, иншалла. Ол күн де алыс емес.

© Ерлан ӘБДІРҰЛЫ

Ардақ Назаровтың ешқандай телеарнадан көрсетілмеген кейінгі жекпе-жегін біздің «Кадрдан тыс» айдарынан көре аласыз (эксклюзив)

http://www.jaqsy.kz/video/355