Жақында Алматыда блогшылар бас қосты ғой. Білесіздер. Мен барғам жоқ. Барғандар жақсы болды деп жатыр. Дегенмен, ойға қалдырды. Мұндай жиындардың ұйымдастырылуының өзі Қазақстанда интернет-журналистиканың (деуге келсе) дамып келе жатқанынының көрсеткіші сияқты. Көргендердің айтуынша, блогшылар құрылтайына “Жас қазақ үні” газетінің бас редакторы Қазыбек Иса да барып, естігендердің айтуынша, “енді бұлар газетті ығыстырады ғой, иә?” деп сары уайымға салынып қайтқанға ұқсайды. Ығыстырса несі бар? Өз басым, бүгінгі басылымдардан оқырман ретінде түк қанағат таппаймын.
Студент кезден қалған әдетпен, апта сайын бүкіл газетерді жиып алып оқымасам, көштен қалған Үсен сияқты сезінетінмін. Осыдан біраз уақыт бұрын. Ал қазір қазақ баспасөзінің тұрақты оқырманымын деп суайт бола алмаймын. Басылымдармен арамыз “суып” кетуінің де себебі бар. Біздің газеттер – қызықсыз. Оқырманды түк тартпайды. Дизайн, сурет жағы да бар. Айқара бетке көлдей мақаланы тастай салады да, 3х4 сурет бере салады. Тақырып – шақырып тұрмайды. Тақырыптар біркелкі. “Ұлыстың ұлы күні ұлықталды”, “Биліктің кертартпа саясаты”, “Ол өлмейтін із қалдырды” «Үкімет қайда қарап отыр?»деген сияқты тақырыптарды көресің де, көңілсіз жазылған дүние екенін бірден ұғасың (айлық аздығы бөлек әңгіме). Кімге өкпелейміз, көп газеттерде мақалаға айдар қою деген ұғым әлі жоқ. Бір бетте экономикасы мен спорты қатар жүре береді. Үтір, нүкте, тырнақша дегенді орынмен пайдаланбайды. Қазақ газеттерін сатып аламын да, ішінен сауатты саяси сараптама, әдемі киноталдау, кейінгі экономикалық қадамдардың біз білмейтін құпиясы, әскери әлеуетіміз шындығында қандай деген сияқты мақалалар іздеймін. Мысал үшін айтып отырмын. Бізде ондай жоқ. Қорадан бұзауы ұрланса да бас-көз жоқ Ақорданы төпелей жөнеледі, не баласы сабақтан бес алып келсе де Елбасымыздың арқасында деп жазады. Болған нәрсені болды деп айтуда тағы мешелміз. Газеттердің іші «атам қазақ баяғыда бүйткен» деген көлгірсуге толып кетті. Атаң мықты болған шығар, бірақ біз неге қорқақпыз? Оппозициялық басылымдар тіл мәселесін биліктен көріп толғануға бар да, Бутяның қазақшасы әлі бытшыт екенін ескермейді. Қазақ газеттері әлі де ақпараттарын орыс сайттары арқылы алады. Олардың өздеріне икемдеп жазатыны анық қой. Тікелей француз, ағалшын сайттарынан аудара алатын журналистер жоқтың қасы. Орыстар Ислам терроризмі деп жазса, біздікілер де солай көкектей жөнеледі. Кеше ата-бабаң, бүгін өзің ұстанып отырған дінді әдейі лаңкестікке теліп жатқанын да түсінуге миымыз жетпей отыр…
Телевидениенің де жетісіп тұрғаны шамалы. Бүгінгі тележурналистика – шоу-бизнесті насихаттаушы құралға айналып кетті. Қазір қай телеарнаны қосып қалсаңыз да шүпірлеген “екі жұлдыздар”. Қаптаған итке көлеңке бермейтін әнші мен бақсы. Және күле береді. Ана телеарнадағыны мына телеарнадағы шақырып, қосылып күледі. Түсінбеймін, бұл қазақтың жыртыңдаудан басқа шаруасы жоқ па? Қазақтың өз басымен ойлана алғаны ешкімге керек емес, ал ойландырмаудың төте жолы – ойсыз, арсыз күлкі. Осыны сынап жатқан тірі пенде болсайшы, шіркін! Осындай жобалардың көбеюіне қазақ газеттерінің әлсіздігі де кінәлі деп білем. Баяғыда “Жас Алашта” “Өткен аптаның көрермені” деген айдар болушы еді. Сойып салатын. Ал қазіргі газеттер “Шіркін лайфтың” идеясы қайдан туындады?” деген сұраққа жауап алғанына шексіз риза. Тәуелсіз қазақ елінің Ата заңы – Конституция күні қай күн екенін білмейтін Бейбіт Қорған сияқтыларды үлгі тұтатын, сүйіп тыңдайтын қазақ жастарын өз басым еш түсіне алмаймын. Бұқаралық мәдениет деп жеңілдетіп айтқанымызбен, бұл – кәдімгі надан тобырдың көрінісі.
Осы сөздерім үшін қазақ газеттері мені халық жауы ретінде сынауы мүмкін. Мейлі. Бастысы өтірік айтып отырғам жоқ. Бізде не жайлы болса да өзіңнің жеке пікірің болғанына біртүрлі қарайды ғой. Ел сияқты сен де ойламасаң, айыпты боласың. Бүгін мейрамда жатып алып теледидар қарап, газет оқыған(сымақ) болғам (шапан кигім келмеді – күн ыстық, қымыз, шұбат ішсем дегем – қымбат, алаңға барып суретке түсуге фотоаппарат жоқ, сосын, дұрысы Наурызды үйде тойлаған деп шештім). Шынымды айтсам, соның әсерімен жазып отырмын.
Газет іздеп жүрмін. Дұрыс түсініңіздер. Оқу үшін.
«Үкімет қайда қарап отыр?»
22 Нау 2011 6 пікір
Нау 22, 2011 @ 15:40:33
Иә, қазақ теледидары әр мереке сайын «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Тақиялы періште» секілді киноларды көрсетуден жалықпаған болар, бірақ көрерменнің көзі талды, тіпті, көбі жаттап алды. Ал, қазақ газеттері әр мейам сайын оның шығу тегі туралы ақпарат беруден шаршамаса шаршамаған шығар, бірақ оқырманның құсқысы келеді. Мысалы: наурызда әрбір газет н журнал міндетті түрде «Қош келдің, Әз Наурыз» деп бастайды да, оның шығу тегі, 22 наурыз күнгі салт-дәстүр туралы ақпарат береді, сосын ұлттық киімдердің түрлерін зерттей жөнеледі (ол киімдерді үнемі киіп жүретін ел сияқты боп). Міне, сосын анда-мында болған жаңалықтар, 100 адамға үй берілсе, үйсі жүрген млн-ы жайына қалып, бүкілі жарысып соны жазады, олардың пікірін береді, суретін,….сонымен табақтай беттер толады ғой, әйтеуір.
Нау 22, 2011 @ 16:07:46
Биліктің күйін күйттейтін мемлекеттік газетте Ерланның қара көрсетпегені сезіліп тұр. Бірақ, жоғарыда айтып өткендерінің барлығы рас әңгіме болғандықтан, атарға оғым болмай отыр.)))Бірақ, Ерланның да Хабарда қара қылды қақ жарып,әділдікті үстем етіп отырғанын көрген емеспін. Десе де, «Таразыдағы»сұрақтары сауатты, көңілімнен шығады.Негізі, тілінің бізі бар журналист қой. «Хабардағы» қазақстанда өмір сүргім келеді» деген бір сөз бар еді. Газетті айта бермей, телеарналарды да жалпақшешейліктен арылту қажет.
Нау 22, 2011 @ 16:16:20
Жәке, қателесесіз, мен мемгазетте жұмыс істеп көрдім. «Оңтүстік Қазақстан» дейтін «Егеменнің» облыстық «інішегінде».
Ал «Хабар» жайына келсек… журналистердің бәрі шынжыры жеткен жерге дейін үретін ит сияқты қазір… (қайталау)
Нау 24, 2011 @ 13:44:19
))))
Нау 24, 2011 @ 13:45:26
Қазір «оқуға ерінетін оқырманды немен қызықтырамыз?» деген сауалға ғана жауап іздейтін сияқты осы саланың басы-қасында жүргендер. Мен де жақсы материал іздеймін. бірақ бар ғой, Ерлан, мені біреудің біреуді қырып кеткені қызықтырмайды, әншілердің ит мінезі де қызықтырмайды, мені тәрбиелейтін, көңілімді, ойымды ашатын материалдар қызықтырады. Шындық-шындық дейміз. шындықты ашу керек, жазу керек дейміз. біріншіден шындық ашылғанмен, нәтижесі жоқ, екіншіден сорақылықты ғана шындық деп танитын біздің қоғамға шындық терісін жауып, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылықты айта берудің қажеті жоқ па деймін. Біздің баспасөз, біздің БАҚ қана емес, күллі қоғам бір иіріліп , ендігі бағытын анықтап тұрғандай әсерде қалам…
Әйтеуір, АЛЛА тек қайырын берсін! (жеке пікірім 🙂 )
Нау 27, 2011 @ 19:06:05
Менде бір сұрақ. Неге Үсен? Асан емес? 🙂